ҚР СІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Иран арасындағы екіжақты ынтымақтастық бағыттарының қазіргі жағдайы мен болашағы мәселелерін, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара ықпалдастық мәселелерін талқыға салып, Таяу Шығыс және Солтүстік Африкадағы жағдайларға байланысты пікіралмасты.
Е.Қазыханов Астанада өтетін қазақстан-иран үкіметаралық комиссиясының 12-ші отырысы екіжақты сауда-экономикалық байланыстарға, ортақ жобаларды іске асыруға, өзара инвестициялық қызметті ынталандыруға қосымша күш беретініне сенім білдіре келе, «Иран, кең ауқымды экономикалық әлеуетке және тиімді геосаяси аймақта орналаса отырып, Қазақстанның Таяу және Орта Шығыстағы маңызды сауда әріптесі болып табылады»,- деп атап өтті.
Солтүстік-оңтүстік дәлізіндегі тиімді көлік бағдары болатын және орта-азиялық елдердің Таяу және Орта Шғыс мемлекеттерімен сауда-экономикалық қатынастарды белсендендіруге мүмкіндік беретін Өзен - Гызылгая - Берекет - Этрек - Горган (Қазақстан - Түрікменстан - Иран) бағдары бойынша темір жол торабының құрылысын жақын арада аяқтау өзара тиімді. Бұл ауыл шаруашылығы саласында өзара ынтымақтастық әлуетін кеңірек жүзеге асыруға, атап айтқанда, қазақстандық дән-дақылдарды тасымалдауға мүмкіндік туғызады.
Иран ядролық бағдарламасы бойынша өзекті мәселеге тоқтала келе, Е.Қазыханов Қазақстан аталған мәселені МАГАТЭ халықаралық нормалары мен принциптерін және айтарлықтай ашық саясатты ұстана отырып, тек дипломатиялық жолмен реттеуді қолдайтындығын атап өтті.
Көпжақты форматтағы үйлестіру бойынша сөз қозғай келе, екі елдің сыртқы саяси ведомстволар басшылары БҰҰ, ИЫҰ, АӨСШК, ЭЫҰ, ШЫҰ шеңберіндегі өзара ықпалдастық мәселелерін қарастырды.
Астананың ИЫҰ Сыртқы істер министрлері Кеңесіндегі төрағалығы аясындағы басымдықтарына тоқтала отырып, ислам әлеміндегі азық-түлік қауіпсіздігі механизмін жасап шығару, елдер арасындағы инвестицияларды кеңейту, ауыл шаруашылығы саласындағы өзара ықпалдасуға көбірек назар аудару мәселелері талқыға салынды.
ҚР мен ИИР арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылғаннан бастап 1992 жылдың 29 қаңтарынан бері екіжақты қатынастар қарқынды дамуда. Екі ел арасындағы тауар айналым 1,2 млрд. АҚШ долларын құрайды.