Қазақстан италия бизнесі үшін қызықты - Agenzia Nova бас директорымен сұхбат

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Президент Телерадиокешені жаһандық интеграцияға ұмтылысын жалғастыра отырып, халықаралық байланысын кеңейте түсуде. Соның аясында күні кеше Италияның танымал Agenzia Nova ақпарат агенттігімен медиа-серіктестік туралы меморандум жасасқан еді. Бұл мемлекеттік медиа-холдингтің жетекші әлемдік БАҚ-тармен 19-шы серіктестігі саналады.

Осы орайда Agenzia Nova бас директоры Фабио Сгуилланте Kazinform тілшісіне эксклюзивті сұхбат беріп, ынтымақтастықтың осынау жаңа кезеңіне қатысты көзқарасымен бөліскен еді.

- Сгуилланте мырза, Қазақстан Президенті Телерадиокешені мен Agenzia Nova өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ынтымақтастықтың одан ары дамуына қатысты көзқарасыңыз қандай ?

- Ең алдымен Қазақстан Президенті Телерадиокешеніне тек қана ынтымақтастығы үшін ғана емес, сонымен қатар қонақжайлығы, маған көрсеткен пейілі үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Біздің Agenzia Nova компаниямыз алдына халықаралық байланыстарды жолға қоюды мақсат тұтып отыр. Табиғи ресурстарымыздың жоқ екендігін, өндіріске қажетті шикізат импортына тәуелділігімізді ескерер болсақ, бұл Италия сынды ел үшін айрықша маңызға ие. Халықаралық, экономикалық, саяси және әлеуметтік оқиғалар тек біздің сыртқы саясатымызға ғана емес, сонымен бірге экономикаға да, қарапайым азаматтардың күнделікті тыныс-тіршілігіне де айтарлықтай әсерін тигізеді.

Бүгінде Италияда халықаралық оқиғалардан жан-жақты әрі тыңғылықты хабардар тарататын агенттік жоқ. Ертеректе бұл қызметті АНСА (Италияның ұлттық ақпарат агенттігі) атқарған еді. Бірақ, оның қызметі қысқартылып, қазіргі уақытта оларда халықаралық оқиғалар туралы ақпараттар тым аз беріледі. Сондықтан да Италияның саяси және экономикалық элитасын әлемде болып жатқан өзекті ақпараттармен қамтамасыз ету үшін әлемдік оқиғалар жайында күнделікті шамамен 850 жаңалық жариялайтын компания құру шешімін қабылдадым.

Біз үнемі әртүрлі елдің агенттіктерімен ынтымақтастық орнатуға ұмтыламыз. Біз үшін Қазақстанмен ынтымақтастық айрықша мәнге ие. Өйткені, ол – Орталық Азиядағы ірі әрі барынша серпінді ел. Біздің елдеріміздің арасында қазірдің өзінде тығыз екіжақты қарым-қатынас орнаған. Оған Президенттеріміздің сапар алмасуы дәлел. Сонымен қатар италиялық компаниялар да біраз уақыттан бері Қазақстанда жұмыс істейді. Сол себепті осынау Kazinform агенттігімен ынтымақтастықтан тек қана Қазақстан жайлы емес, жалпы Орталық Азияға қатысты нақты, шынайы және өзекті ақпарат аламыз деп үміттенеміз. Өйткені, Kazinform осы өңірдегі ірі агенттік болып отыр.

Сіздің көзқарасыңызша Орталық Азия елдері бұқаралық ақпарат құралдарының еуропалықтан айырмашылығы неде ? Қазақстанның ақпарат агенттіктерінің дамуындағы қандай ерекшеліктерді байқай алдыңыз ?

Түптеп келгенде бұл сауалға нақты жауап бере алмаймын. Дегенмен, бұрынғы Кеңес Одағының елдерімен жақсы таныспын және көпшілігінде саяхаттаған да едім. Оның ішінде Қазақстанға да бірнеше рет келгенім бар. Сонымен қатар 7 жыл Мәскеуде тілші болып жұмыс істедім. Алайда, Kazinform агенттігінен басқа Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарымен жете таныс емеспін. Өйткені, сіздердің агенттіктеріңізді біраз уақыттан бері білеміз және ақпараттарыңызды қолданамыз.

Бірақ соңғы бірнеше күнде осы жерде не болып жатқанын қадалағай жүріп, сіздерде тек қана бұқаралық ақпарат құралдары ғана емес, сонымен бірге бүкіл елдің де өте жылдам қарқынмен дамып келе жатқанын байқадым.

- Аудиторияныңыздың негізінен саяси және экономикалық элита екендігін айтып қалған едіңіз. Бұл тек Италияға қатысты ма әлде бүкіл Еуропаға да ма ?

- Біз ақпаратты итальян тілінен бөлек тағы 9 тілде таратамыз: ағылшын, француз, испан, неміс, араб, орыс, румын, хорват және серб тілдері. Материалдарымыз сайтымызда барлығы үшін де тегін, қолжетімді. Дегенмен, бұл барлық ақпараттың шағын бөлігі ғана. Біз, күн сайын мақалаларды, фотолар мен видеоларды қоса алғанда шамамен 1 300 материал жазамыз. Сайтта күн сайын шамамен 100 мақала, жаңалық жария етіледі. Контентіміз тек Италия ғана емес, Еуропа және өзге елдерде де, оның ішінде араб елдері қолданады. Ол жақта біздің жарияланымдарымызды жіті қадағалап отырады.

Араб, әсіресе Солтүстік Африка елдерінің БАҚ-тары Agenzia Nova жаңалықтарынан күн сайын дәйек сөз келтіріп отырады. Мұнан бөлек, Әл-Жазира сынды телевизиялық және спутниктік каналдар материалдарымызды тұрақты қарап отырады. Америкада да белгілі бір деңгейде оқырмандарымыз бар.

Алайда, біз тек саясат пен экономика жайлы жазатын болғандықтан, сайтымызды оқитындар негізінен осы тақырыпқа қызығушылық танытатын – журналистер, шетелдік саясаткерлер, менеджерлер мен студенттер. Еуропалық сегментте сайтымызға кіретін оқырмандар легі мол. Оның ішінде Ұлыбритания, Франция және Испаниядан оқырмандарымыз бар.

- Қалай ойлайсыз, еуропалық оқырмандарға Қазақстан мен Орталық Азия жайлы материалдар оқу қызғушылық тудыра ма? Оларды қандай тақырыптар қызықтыруы мүмкін ?

- Меніңше, Қазақстан және Орталық Азия жайлы барлық ақпаратқа ең алдымен италиялық кәсіпорындар қызығушылық танытады. Өйткені, қарапайым оқырмандарымыздың басым көпшілігі бұл өңірден шалғайда және ол жайында білетіні мардымсыз. Аудиториямызға Ұлыбритания, Испания мен Франция сынды елдер жақын. Тіпті италиялық оқырмандар Польша мен Румыния сынды елдердің өзіне тарихи байланыстарға орай қызығушылық таныта бермейді.

Қалай дегенде де біздегі бизнестің Қазақстан мен Орталық Азияға айтарлықтай қызығушылығы бар екендігі сөзсіз. Біздің шенеуніктер, сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің, инфрақұрылымдар мен экономикалық сектордың өкілдері ортаазиялық өңірдегі оқиғаларға қызығушылық танытады әрі олар бұл жақта не болып жатқанынан хабардар болып отыруы да қажет.

Айта кетерлігі, Agenzia Nova жазылу жүйесіне арқа сүйейді. Бұл біздің тек қана жазылушыларға ақпарат ұсынатындығымызды білдіреді. Олар – мекемелер, кәсіпорындар мен мемлекеттік институттар. Агенттігіміз дәл осы аудитория үшін құрылған. Біздің философиямыздың негізі – италиялық шенеуніктерге, саясаткерлер мен бизнесмендерде әлем есігін ашу.

Agenzia Nova – Еуропа, Балқан, Таяу Шығыс және Африка туралы ең ірі итальян тіліндегі ақпарат көзі және халықаралық саясат пен экономикаға арналған жаңалықтар саны бойынша жетекші ақпарат агенттігі. Агенттіктің штаб-пәтері Римде орналасқан. Жаңалықтар жиынтығы күнделікті 1000-нан астам хабарламаны қамтиды.