Қазақстан Италия нарығына бидай мен ұн экспортын арттыруға дайын — Президент

Фото: Коллаж: Kazinform/Pixabay

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Италияға 100-ден астам тауар түрі бойынша экспортты ұлғайтуға қауқарлы. Бұл туралы елордада «Орталық Азия — Италия» саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

— Біздің ойымызша, бірлескен жобаларды іске қосуға, өткізілетін өнім желісін кеңейтуге, ең алдымен, жоғары қосылған құны бар шикізаттық емес өнімдерге ерекше екпін қоюға болады. Қазақстан Италияға құны шамамен 1 млрд доллар болатын 100-ден астам тауар позициясы бойынша экспортты ұлғайтуға қауқарлы, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент Орталық Азия елдерінің Еуропаға ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде органикалық өнімдерді жеткізуді ұлғайтуда мүмкіндігі зор екенін айтты. Осы орайда ет өнімдерінің, аквашаруашылық, құрғақ сүтті және басқа да азық-түлік өнімдерінің экспортына ерекше мән берген жөн.

— Қазақстан Италия нарығына бидай мен ұн экспортын арттыруға дайын, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев аграрлық ғылыми және білім беру орталықтары арасындағы тығыз ынтымақтастыққа, озық тәжірибелер мен технологиялар трансфертінде байланыстарды нығайтуға тоқталды. Ең алдымен, биоинженерия, тұрақты ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы салаларын қамту керек.

— Бізде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы табысты ынтымақтастық үшін айтарлықтай мүмкіндіктер бар, — деді Президент.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Орталық Азия — Италия» алғашқы саммиті өтіп жатыр

Айтулы іс-шараға құрметті меймандардан Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелони, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қатысып отыр

Еске салсақ, Қазақстан мен Италия бірқатар құжатқа қол қойды.