Қазақстан Италиядан визалық режимді жеңілдету бойынша қолдау сұрады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміз Италияға виза беруді жеңілдету бойынша ұсыныс білдірді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәдени-гуманитарлық, ғылыми-техникалық және өңіраралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша өзара шараларды қолдау жөнінде ортақ пікірге келдік. Осы орайда, ағымдағы жылы жоспарланған Орталық Азиядағы алғашқы Италиялық мәдениет институтының Алматы қаласында ашылуы білім және жалпы гуманитарлық байланыстарымызды одан әрі нығайтуға өз ықпалын тигізбек», - деді Мұрат Нұртілеу ведомствода өткен БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында.


Министрдің мәлімдеуінше, Италия делегациясымен жасалған бүгінгі келіссөздердің тағы бір өзекті бағыты - екіжақты шарт-құқықтық база мен консулдық мәселелер бойынша жұмысты ілгерілету.

«Осы тұрғыда, Антонио Таяни мырзадан Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету жөніндегі Еуроодақпен болатын ресми консультацияларда қолдау көрсетуді сұрадым. Италиялық әріптесімізбен кездесу барысында өз мүддемізді растап, жақын перспективада жұмыс істеу бағытында біраз пікір алмастық. Бүгінгі кездесу екі ел арасындағы әріптестікті күшейтуге қосымша серпін беретініне шынайы ықыласпен үміт артамын», - дейді ол.


Сондай-ақ, М.Нұртілеу екіжақты келіссөз нәтижесінде бірлескен мәлімдеме қабылданғанын мәлім етті.