Қазақстан Израильден өз азаматтарын эвакуациялауға жәрдем сұрады

Фото: ҚР СІМ

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Израиль мемлекетінің Сыртқы істер министрі Гидеон Саармен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Тараптар Таяу Шығыстағы ағымдағы ахуалды талқылап, екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін қарастырды.

— Сұхбат барысында Е.Көшербаев израильдік әріптесіне Израильде жүрген ҚР азаматтарын эвакуациялауға жәрдем көрсету туралы өтініш білдіріп, бұл мәселе еліміз үшін басым міндеттердің бірі екенін атап өтті, — делінген хабарламада.

Өз кезегінде Г.Саар Израиль тарапы Қазақстан азаматтарын эвакуациялау мәселесін шешуге бар күш-жігерін салатынын жеткізіп, бұл мәселені өзінің жеке бақылауына алатынына сендірді. 

Осыдан бұрын ҚР СІМ эвакуация басталғалы Таяу Шығыстан елге 7300 адам жеткізілгенін мәлімдеді.