Қазақстан қақтығыстарды шешуде маңызды рөл атқарады – қытайлық сарапшы

Ресей мен Орталық Азияны зерттеу орталығының профессоры, Фудан университеті Бейжің Халықаралық диалог клубының аға ғылыми қызметкері Чжао Хуашэн Қазақстанның түрлі елдер арасындағы қақтығыстарды шешудегі рөлі жөнінде пікір білдірді. Оның айтуынша, жанжалдарды шешуге бағытталған көптеген маңызды процестер Астанада немесе Алматыда өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

«Орталық Азияның әлемдегі рөлі әрқашан маңызды. Әлемде Азия дәуірі немесе Қытай дәуірі басталды деген әңгімелер жиі кездеседі. Мен әлемді бұлай сипаттамас едім. Бейбітшілік — бір аймақ немесе мемлекет үшін емес, барлық халықтар үшін маңызды. Бүгінгі таңда көптеген өзекті жаһандық мәселелер бар. Әлем өте жылдам өзгеріп жатыр. Бірақ әр аймақтың жеке-жеке өзекті мәселелері бар. Мысалы, біздің аймақ үшін ашықтық, әсіресе экономикалық тұрғыдан ашықтық мәселесі маңызды болуда. Екінші мәселе — әскери қақтығыстарды тоқтату. Бақытымызға орай, біздің аймақта бәрі тұрақты. Ірі әскери қақтығыстар жоқ. Біз қақтығыстар алаңында бейбіт процесті ілгерілетуге тырысамыз», — деп атап өтті Чжао Хуашэн «Астана CLUB» форумында тілшілерге берген сұхбатында.

Сарапшының пікірінше, соңғы жылдары Орталық Азия елдерінің экономикасы қарқынды дамып келеді.

«Қазір аймақтық интеграция процесі жүріп жатыр. Даму әлдеқайда көбірек және экономика сыртқы әлемге ашық болуда. Экономикалық тұрғыда бұл Орталық Азияны барлық елдермен ынтымақтастықты дамыта отырып, күннен-күнге жан-жақты етеді. Аумақтық мәселелерді шешу қиын екенін білеміз. Ең алдымен, қақтығыстарды тоқтату керек. Бұл нақты тәсіл. Ең алдымен соғыстарды тоқтату керек, содан кейін аумақтық мәселелерді шешу үшін бейбіт процесті ілгерілету керек. Қазақстан өңірлік мәселелерде оң бастамаларды ілгерілететін ел болып отыр. Сондықтан жанжалдарды шешуге бағытталған көптеген маңызды процестер Қазақстанда өтуде. Бұл тұрғыда Қазақстан өте маңызды рөл атқарады», — деп толықтырды сарапшы Чжао Хуашэн.

Айта кетейік, елордада дәстүрлі Astana Club форумы өтіп жатыр. Бұл форум — жыл сайын көрнекті саяси қайраткерлерді, дипломаттарды, беделді ғалымдарды және әлемдегі ең ірі талдау орталықтарының жетекші сарапшыларын жинайтын халықаралық пікірталас алаңы.