Қазақстан қақтығыстарға мәжбүрлі қатысқан балаларды оңалтуды ұсынды - БҰҰ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның тұрақты өкілі Қайрат Омаров БҰҰ Бас Ассамблеясының балалардың қарулы қақтығыстарға қатысуы мәселелеріне арналған отырысына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҰҰ-ның Нью-Йорктегі Штаб-пәтерінде өткен жиын БҰҰ-ның «Балалар және қарулы қақтығыстар» атты мандатының 20 жылдығына орай өткізілді.

БҰҰ-дағы Қазақстанның Тұрақты өкілі Қайрат Омаров бүгінде ұрланып жатқан, зорлық-зомбылыққа ұшыраған, білім алу мүмкіндігінен айырылған, сондай-ақ қарулы қақтығыстарға қатысуға мәжбүр болған балалардың қазіргі ахуалын жақсарту бойынша бірқатар нақты шаралар ұсынды.  

Атап айтқанда, ол барлық мүдделі тараптардың, соның ішінде аймақтық және халықаралық құқық қорғау ұйымдарының бірлескен жұмысының тиімділігін арттырудың маңыздылығына тоқталды.

Сонымен қатар Қайрат Омаров БҰҰ-ның қақтығысушы тараптармен жасаған іс-қимыл жоспарының орындалуын қамтамасыз етудің бұдан да қатал шараларын қабылдауға үндеді.

ҚР елшісі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық лаңкестік және озбыр экстремизммен күресуге арналған бастамаларына да көңіл аудартты. Оған қоса, білім беруге, балаларды оңалтуға және әлеуметтік ортаға қайта қосуға тартылатын инвестициялардың көлемін арттыруға ерекше мән беруді ұсынды. 

Айта кету керек, Қазақстан бала құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық міндеттемелердің орындалуына көп маңыз беріп келеді және 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде қарулы қақтығыстардағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша мақсатты жұмыс атқаруды жоспарлауда.

Айта кетейік, шараға БҰҰ Бас Ассамблеясының 71-сессиясының төрағасы Питер Томпсон, БҰҰ-ның қарулы қақтығыстардағы балалар мәселелері бойынша арнайы өкілі Лейла Зерруги, ЮНИСЕФ басшысы Энтони Лейк, БҰҰ Бас хатшысының көмекшілері Мирослав Енча (саяси мәселелер жөніндегі) мен Эль Гасим Уэйн (бітімгерлік операциялар жөніндегі), БҰҰ-ға мүше елдердің тұрақты өкілдері, халықаралық гуманитарлық және құқық қорғау ұйымдарының басшылары мен өзге де ресми тұлғалар қатысты.