Қазақстан қалаларында балық бағасы қанша

Коллаж: Kazinform/ Canva

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан қалаларында балғын балық бағасының айырмашылығы жоғары. Сазан мен семга балығының бағасы өңірлерге, логистикаға, сұраныс пен жеткізу қызметіне, сату әдісіне байланысты өзгеріп отырады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Семга балығының бағасы еліміздің астанасында жоғары болып тұр. Астанада келісі 8 500 теңгеден басталып, 14 000 теңгеге дейін жетеді. Ал Алматыда бұл балықтың келісі 9 000 – 15 000 теңге аралығында. Шымкент қаласында баға 5 500 теңгеден басталып, 12 000 теңгеге жетті.

Еліміздің батысы мен оңтүстігінде баға қолжетімді. Ақтауда — 7 000–8 000 теңге, Тараз қаласында — 6 000–7 500 теңге, ал Қызылордада бұл балықтың келісі шамамен — 6 500–8 000 теңге аралығында. Қарағанды қаласында семга бағасы 6 000–9 000 теңге болып тұр. Ал Петропавлда кей жерде келісі 9 850 теңгеге сатылады.

Ал сазан бағасы елімізде қолжетімді. Ең арзаны Қостанай қаласында сатылады. Мұнда келісі – 1 200 теңге. Балық ірі болса, бағасы да соған сай өседі. Ақтөбе қаласында баға 1 500 теңгеден басталып, 2 000 теңгеге жетті. Ал Талдықорғанда 1 500 – 3 600 теңге, Түркістанда 2 500 – 3 000 теңге, Көкшетауда 2 200–2 500 теңге аралығында.

Kazinform

Семга бағасы неге жоғары? Себебі балықтың бұл түрі импорт тауар. Оған валюта бағамы, логистика, сақтау тәртібі мен сауда үстемесі әсер етеді. Сонымен бірге семганың түрлеріне қарай да баға көтеріліп тұр. Мәселен бақтақ немесе албырт балық бар. Сатып алар кезде тауар туралы ақпаратты мұқият оқыған жөн.

Сазан балығы неге арзан? Себебі балықты жергілікті өзен-көлден, су тоғанынан аулап алуға болады. Кейбір шаруалар өздері өсіріп, сатады. Импорт тауар болмаған соң логистика шығыны аз, сақтауға да оңтайлы. Бұл да бағаға өз әсерін тигізеді.

Семга омега-3 дәруменіне бай. Бұл жүрек-қан тамырлары жүйесінің жұмысына, миға оң әсерін тигізеді, қабынуды басады.

Сазан - диеталық тағамның түрі әрі бағасы қолжетімді. Құрамында ақуыз бар, минералдарға бай.

Дәруменге бай балық пен балық өнімдерін апталық ас мәзіріне қосып отырған жөн. Семга мен сазанның қайсысы сізге ұнайды әрі қайсысын отбасы бюджеті көтереді, соған баса мән беріңіз.

Бұған дейін Қазақстандағы жылқы етінің бағасы туралы жазылды.