Бауырсақ пен шелпек қай өңірде қанша тұрады

Фото: Фото: Canva, Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бауырсақ пен шелпек – дастарханның көркі ғана емес, көптеген отбасында дәстүрлі және сүйікті тағамдардың бірі. Олардың құны аймаққа, әзірлеушіге және өнімнің салмағына байланысты өзгеруі мүмкін.

Бағаларды анықтай келе байқағанымыз, ең арзан бауырсақ Орал қаласында, мұндағы жергілікті дүкендер келісін 650 теңгеден сатады. Бірақ жеке аспаздарда бауырсақтың келісі 1700 теңгеден басталады. Таба нанның (шелпек орнына алдық — авт.) 1 данасы 300 теңге тұрады.

Петропавлда бір келі бауырсақтың құны 1300 теңгеден басталады, ал таба нанның (шелпек сатылмайды) бағасы 200-300 теңге аралығында. 

Бір келі дайын бауырсақты сатып алу үшін алматылықтар мен астаналықтар 1300-2200 теңге төлейді. Бұл қалаларда шелпек бағасы 100 теңгеден басталады. 

Коллаж: Kazinform

Павлодарда бауырсақ келісі — 1400 теңге, ал таба нан 245 теңге тұрады. Тараздағы баға ұқсас: бір келі бауырсақты 1400-1600 теңгеге, ал таба нанды 200-300 теңгеге сатып алуға болады. 

Қонаев, Жезқазған және Қарағандыда бір келі бауырсақ бағасы 1500 теңгеден басталады. Шелпек құны — 150-200 теңге.

Көкшетауда бір келі дайын бауырсақ 1600-2000 теңгеден сатылса, шелпекті дүкеннен 150 теңгеге аласыз. 

Талдықорғанда бауырсақтың келісі 1700 теңгеден басталады, таба нан 200-300 теңге тұрады. 
Ақтау, Қостанай, Түркістан, Шымкент және Қызылордада бауырсақ 1800 теңгеден саудаланса, шелпек құны 150 теңгеден (Ақтау, Қызылорда) басталып, 200-400 теңгеге дейін (Қостанай, Шымкент, Түркістан) барады.

Ал Атырауда бауырсақтың орташа бағасы — 2000 теңге, шелпек құны 200 теңгеден басталады. 

Өскемен мен Семей қалаларында бауырсақ бағасы арзан емес, орташа есеппен бір келісі 2400 теңге (3800 теңгеден сататын жеке аспаздар бар), ал шелпек 150 теңге тұрады.

Ең қымбат бауырсақ Ақтөбеде, мұнда бір келісі — 3000-3800 теңге, шелпек құны 400 теңгеден басталады.

Бұған дейін Қазақстандағы қымыз бен шұбат бағасы туралы да жазған едік. 

Сондай-ақ Kazinform елімізде сүндетке отырғызу қызметі қанша тұратындығын анықтады. 

Айта кетсек, электрик пен сантехниктің қызмет ақысы да әр түрлі келеді.