Шағын ғана қалаларда кино көру бағасы төмен болса, ірі мегаполистерде билет құны 6-7 мың теңгеге жетті. Ал VIP-зал мен жайлы орындардың бағасы одан да жоғары.
Киноға кіру билетінің бағасы еліміздің шағын өңірлерінде төмен. Мәселен, Көкшетау қаласында билет бағасы 1 400 теңге, Түркістанда 1 500 теңгеден басталады. Ал Тараз бен Павлодарда 1 600 теңге және одан жоғары. Жезқазған, Қостанай, Қызылорда, Орал, Петропавл мен Өскемен қалаларында билет бағасы 2 000 теңгеден басталады.
Ірі қалалар мен мегаполистерде билет құны мүлде басқаша. Мұнда баға бір-бірінен алшақ келеді. Шымкент қаласында билет бағасы 2 200 — 7 000 теңге аралығында. Ең арзаны мен қымбатының арасындағы айырмашылық 4 800 теңге болып тұр. Алматы қаласында кино билетінің бағасы — 2 000 — 6 000 теңге. Ең арзаны өзге өңірлерге жақын болса, ал қымбаты елдегі орташа бағадан жоғары. Мәселен Қарағанды қаласында баға 2 200 — 2 400 теңге, Петропавлда 1 900 — 2 200 теңге аралығында. Шағын қалаларда бағада айырмашылық аз. Себебі көрерменнің көбі қарапайым залды таңдайды.
Астана қаласында ересектерге арналған билет бағасы шамамен 1 700 — 3 800 теңге. Бір қарағанда баға қалыпты. Алайда топ болып зал ішінде кино көру құны басқа, шағын ғана ұжыммен барса, билет бағасы өзгереді. Кейде билетті 2 000 теңгеге сатып алады. Ал жаңа технология қолданса, VIP-зал болса қымбатқа түседі.
Еліміздегі облыстардың көбінде баға қалыпты. Айырмашылық жоқтың қасы. Мәселен Ақтауда билет бағасы 1 900 — 2 400 теңге, Ақтөбеде 2 000 — 2 600 теңге, Атырауда 2 400 — 3 000 теңге, Қостанайда 1 800 — 2 500 теңге, Оралда 1 800 — 2 200 теңге болып тұр.
Отбасылық бюджетті жоспарлаған кезде киноға қанша адам баратынын ескерген жөн. Бір адамға 2 000 теңге болса, екі ересек адам 4 000 теңге төлейді. Ал екі ересек және бір бала барса, шамамен 6 000 теңгеден 9 000 теңгеге дейін жұмсайды. Билет қала мен кино сеансына қарай өзгеріп отырады. Ал егер VIP-залды таңдап алса, баға бірнеше есе өседі.
Жайлы ортада кино көретін адамдардың біраз шығындалуына тура келеді. VIP-билеттер бағасы 10 000 теңгеден 20 000 теңгеге дейін барады. Ақысын төлесе шалқайып отырып кино көруге болады. Сонымен бірге орындықтардың арасы бір-бірінен алшақ орналасады. Дыбыс пен бейне сапасы соған сай әсер қалдырады.
Астана қаласындағы дәл осындай кинотеатрлардың билет бағасы 30 000 теңге болып тұр. Сонда Қазақстандағы ең арзан билет пен (шамамен 1 400 теңге) премиум-сегмент арасындағы айырмашылық 20 есеге жетеді.
Сөйтіп Қазақстандағы заманауи кинонарықты екіге бөліп қарауға болады. Бірінде баршаға қолжетімді, екіншісінде сұранысқа сай сапалы қызмет. Екеуін бір-бірінен ажыратуға да келмейді. Бір өңірде киноға кіру билетінің құны төмен, алайда таңдау аз. Ал Алматы, Астана мен Шымкент қалаларында билет бағасы жоғары, сәйкесінше баршаға ортақ зал немесе жаңа технологиялы VIP-орындар ұсынады.
Еске салайық, бұған дейін музейлерге кіру бағасын салыстырған едік.