Қазақстан қамауға алынған адамдар саны жағынан 35-орында тұр

АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстан қамауға алынғандар саны жағынан әлем елдерінің арасында 35-орында тұр. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында мәлім болды.

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, бүгінгі күні Қазақстанда қамауға алынғандар саны ел имиджіне жағымды сипатта емес. «Біз бұл көрсеткіштер қатарынан шығуымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда қазір Парламентте талқыланып жатқан Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің жобаларындағы ұсыныстар түрмелерде отырғандар санын азайтуға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Ал қазіргі күні түрмедегілердің саны 49 мың адамға жетіп отыр», - дейді министр Қ. Қасымов.

Бұдан бөлек, министр түрмеде отырғандарды еңбекпен қамту мәселесінің де өзекті екенін алға тартты. «Бұл ретте колониялардың ел экономикасына қосар үлесі туралы сөз болып отырған жоқ. Ондай кезең артта қалды. Дегенмен, бүгінгі түрмелер қаржылық жағынан мемлекетке жүк. Ал колонияларда отырған еңбекке жарамды 24 мың адамның тек жартысынан сәл астамы ғана жұмыс істейді», - дейді Қ. Қасымов.