«Қазақстан қара алтынды ауыстырар жол тапты» - баспасөзге шолу
***
«Айқын» басылымының бүгінгі санында «Қазақстан қара алтынды ауыстырар жол тапты» атты мақалада еліміздің транзиттік әлеуетінің болашағы жайында сөз қозғалып отыр.
«Енді бірер жылдан соң еліміздегі алып көлік жолдарынан ел қазынасына миллиардтаған доллар ақша құйыла бастауға тиіс», - деп жазады газет. - Оның негізі қазір қалануда: Елбасының тапсырмасымен қазақ жерінде бірнеше халықаралық дәліздің құрылысы қарқынды жүргізілуде, олардың кейбірі, мысалы, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» магистралі келер жылдың басында салынып бітеді деп күтілуде. Айтқандай, сарапшылардың болжамынша, болашақта Қытай мен Еуропалық Одақ арасындағы сауда айналымы триллион долларға жетуі мүмкін. Егер осы жүк тасқынын өз еліміз арқылы өткізіп, соның он пайызы көлемінде пайда тапсақ, ауқатымыз күрт артпақ».
Басылымның жазуынша, Елбасы жариялаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында 65-қадам ретінде «Қазақстанды халықаралық көлік-коммуникациялық ағымдарға интеграциялау, соның ішінде «Еуразиялық трансконтиненталдық дәліз» жоғары жылдамдықты мультимодальдық көлік дәлізін құру» белгіленген.
«Ол Азиядан Еуропаға жүктер транзитін кедергісіз жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Көлік дәлізі бірінші бағыт бойынша «Қазақстан аумағы арқылы Ресей Федерациясына және одан әрі Еуропаға өтеді». Екінші бағыты - «Қазақстан аумағы арқылы Қорғастан Ақтау портына дейін, одан әрі Каспий теңізі мен Әзербайжанға жетіп, әрі қарай Грузия асады». Жобаға былтыр ғана құрылған «Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкін» тарту көзделуде. Бұған қоса «Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту» кластерін құру жоспарлануда», - делінген мақалада.
«Біздің судьялар халықаралық сотта да жұмыс істей алады» деп жазады «Айқын» келесі мақаласында.
Қазақстандық заңгерлердің басым бөлігі Астанада құрылатын халықаралық орталықта жұмыс істеуге қабілетті. Бұл туралы «Еуразиялық құқық қорғау орталығы» үкіметтік емес ұйымының өкілі Ермек Әбдірасылов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
- Дубай тәжірибесі бойынша Астана қаласында «AIFC» халықаралық төрелік орталығын құру аса маңызды қадам. Қазақстан осы арқылы халықаралық арбитраж шешімдерінің жақсы үлгісін алуға ұмтылмақ. Жалпы, барша халықаралық соттар бір бірінің тәжірибесін зерттеп, зерделейді. Соның ішінде мейлінше қызық, мейлінше резонансты, мейлінше әдемі шешімдер негізге алынып жататыны да содан, - деді ҮЕҰ өкілі Ермек Әбдірасылов.
Оның пайымынша, бұл бағытта балама әділ сот жүйелері, мемлекеттік емес ұйымдар бәсекелестік деңгейін арттырып, сапалылықты жоғарылатады. Сонымен қатар мемлекеттік соттар өздерінің жұмыстарын жақсарту үшін жаңа мүмкіндіктерге де ие болады.
- Мен бүгінгі қазақстандық судьялар, заңгерлер халықаралық соттардағы жоғары деңгейде жұмыстар атқарып жүр және атқара алады деп санаймын. Яғни олар үшін өзгеше бір оқытулардың қажеті шамалы. Ал бірақ жаңа іске кірісіп жатқан заңгерлер үшін біліктілік оқытулары міндетті түрде болуы қажет, - деді Ермек Әбдірасылов.
***
«Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі нысандарының құрылысына бүгінгі күні 101 қазақстандық кәсіпорын тартылған, деп хабарлайды «Егемен Қазақстан» газеті «Отандық өндіріс үлесі» атты мақалада.
Басылымның жазуынша, жасалған келісімшарттардың жалпы сомасы 88 млрд. теңгені құрап отыр.
«Қазіргі күні Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарының әкімдіктерімен және Астана қаласының әкімдігімен бірқатар меморандумдарға қол қойылған. Осы меморандумдар шеңберінде жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша, 83 кәсіпорынмен 87 млрд. теңге жұмыс көлемі жөніндегі келісімшарттарға қол қойылды. Олардың ішінде 65 компания Астанадан (іргетастың қазықтары, бетон, қиыршық тас, құрылысқа арналған ерітінділер, анкерлік бұрандамалар, ағаштан жасалған қалып, газ блоктары, дизельдік отын, химиялық қоспалар, сэндвич-панельдер, сорғыш жабдық және т.б.), 1 компания Солтүстік Қазақстан облысынан (металл құрылмалары, монтаж), 12 компания Қарағанды облысынан (металл бұйымы, металл құрамаларын шығару, темірбетонды бұйымдар, іргетастың қазықтары, арнаулы жұмыс киімі, радиаторлар, құбырлар және полипропиленнен жасалған фитингтер), 2 компания Павлодар облысынан (металл бұйымы (арматура), кабельдік өнім), 2 кәсіпорын Оңтүстік Қазақстан облысынан (трансформаторлық жабдықты шығару және жеткізу) және 1 компания Шығыс Қазақстан облысынан (минералмақталық тақтайлар) қатысып отыр», - делінген аталмыш мақалада.
Тағы да «ЭКСПО» жайында. «Егемен Қазақстан» басылымында «Миланнан Астанаға дейін: француз велосипедшісі ЭКСПО астаналарын аралады» атты мақала жарық көрді.
«Бұрнағы күні «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ атсалысуымен Қазақстандағы Франция елшілігі Alstom компаниясымен бірлесе отырып, «SunTrip - From Expo to Expo» имидждік веложарысының қатысушысы Паулинде ла Марньемен салтанатты кездесу рәсімін ұйымдастырды. Француз велосипедшісі ЭКСПО-ның үш астанасы - Милан (2015), Анталья (2016) және Астанаға (2017) саяхат жасады. Паулин 9 мың шақырымдық жолды жүріп өтіп, «Бәйтерек» монументі жанындағы алаңға велосипедімен жетті», - деп жазылады аталған материалда.
Салтанатты кездесуді Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Франсис Этьен сәлемдесу сөзімен бастады. Бұл саяхаттың мақсаты - Еуропа мен Қазақстан арасындағы жақындықты көрсету. Сонымен қатар, Паулиннің велосипеді күн энергиясы көмегімен қозғалатындықтан, веложарыс «таза» энергия идеясын ілгерілетуді көздейді. Мұндай велосипедпен күніне шамамен 200 шақырым жолды сағатына 40-60 шақырым жылдамдықпен жүріп өтуге болады. Француз қызының сөзіне сүйенсек, ең бастысы, велосипедші төзімді болуы керек.
«Қайсар велосипедші жиналғандарға алғысын білдіріп, Қазақстанның елордасы өте сұлу екендігін атап өтті. Ол «міндетті түрде ЭКСПО-2017 көрмесіне келемін» деп уәде берді. «Менің саяхатымның мақсаты - кез келген адам табиғатты бүлдірместен елдерді аралай алатынын көрсету. Сондай-ақ, техникалық инновацияларды «гаражда» отырып-ақ өз қолыңмен жасауға болатынын көрсетуге бағытталды» деді Паулин», деп жазады басылым.
***
Петропавлда ым тілінің маманына миллиондаған бюджеттік қаражат жұмсалған. Алайда мүгедектер «құнды маманның» түрін де көрмеген. Қазына қаржысы қайда жұмсалды, қазір оны прокурорлар анықтауда. Бұл туралы «Экспресс К» басылымы хабарлап отыр.
«Заңсыздықтар ишарат тілінің маманына байқау жариялаған қалалық жұмыспен қамту бөлімін прокурорлық тексеру барысында анықталды. Жеңімпаз болып Петропавлдың Қазақстандық саңыраулар қоғамының оқыту-өндірістік кәсіпорны атанған. 2013 жылы осы мақсаттарға 3 миллион теңге бөлінсе, 2014 жылы 5 миллион теңгенің басына су құйылған. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі атқарылған жұмыстар актісін бекітіп, қаражатты бөлген. Бірақ кейін анықталғанындай, мүгедектерге ешқандай қызмет көрсетілмеген», - делінген «Обсурдоперевод» атты мақалада.