Қазақстан қараша айынан бастап астық экспортын 1-1,2 млн. тоннаға дейін арттыруды көздейді

ТАНА. 10 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстан қараша айынан бастап астық дақылдарының экспорты ауқымын 1-1,2 млн. тоннаға дейін арттырады.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Астық саласы: жағдайы мен перспективалары» атты тақырыпта өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков осылай мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, астық шаруашылығындағы негізгі проблемалардың бірі - тауар өндірушілер үшін дәстүрлі сату нарықтарының шектелгендігінде болып отыр. «Қазақстандық астық әрқашан сұранысқа ие болып отыратын қаратеңіздік және балтық порттарында біздің бидай баға жағынан бәсекеге қабілетті саналады. Мәселен, Ресей, Украина және біздің еліміздің бидайының бағасы бір болса, онда сөзсіз қазақстандық астық таңдалар еді. Мәселенің басқа қыры бүгінгі күні теміржол тарифтеріндегі шығындар орташа алғанда 130 долларды құрайды», - дейді А. Мамытбеков.

Тоқтала кететін жайт, Қазақстанның астық экспорттық әлеуеті 2011-2012 маркетингтік жылдары 10 млн. тоннадан астам болады деп жоспарлануда.

«Біз қараша айынан бастап астық экспортын ай сайынғы 1-1,2 млн. тоннаға дейін артыруға мүмкіндігіміз бар», - дейді А. Мамытбеков.