Қазақстан Қарашығанақ консорциумымен бірге газ өңдеу зауытын салмайтын болды
АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика министрлігі Қарашығанақта газ өңдеу зауытын салу жобасын кен орнының акционерлері мен мемлекет арасындағы Өнім бөлісу келісімі аясында іске асырмайтын болды. Ведомствоның баспасөз қызметі бұл бағыттағы келіссөз толық тоқтағанын растады.
Айта кету керек, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» консорциумына Shell (29.25%), Eni (29.25%), Chevron (18%), ЛУКОЙЛ (13.5%), ҚазМұнайГаз (10%) иелік етеді.
— ҚР Энергетика министрлігі Қарашығанақ кен орнында газ өңдеу зауытының құрылысын іске асыру бойынша қолданыстағы Өнімді бөлісу туралы келісім (ӨБК) аясында акционерлермен жұмыстың тоқтағанын мәлімдейді. Қазіргі кезеңде министрлік ұлттық компанияларды тарту арқылы жобаны Өнім бөлісу келісімінен тыс жүзеге асырудың баламалы нұсқаларын қарастырып отыр, — деп жазылған министрліктің мәліметінде.
Бұған дейін Қарашығанақ акционерлері газ өңдеу зауытын салуға Қазақстаннан қосымша $1 млрд талап еткенін жазған едік.