Қазақстан каратэшілері Азия чемпионатынан үш қола медаль жеңіп алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Иордания астанасы Амманда каратэден өткен (WKF) Азия чемпионатында отандастарымыз үш қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған жүлденің бірін қыздар арасында 55 келіге дейінгі салмақта  ел намысын қорғаған Аружан Мұхтар еншілесе, қалған екеуін ұлдар арасында сынға түскен спортшылар ел қоржынына салды.

Нақтырақ айтар болсақ, ерлер арасында 55 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Дәулет Шымырбеков пен 67 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Асылбек Мұратов қола медаль иегерлері атанды.

Осы орайда айта кетейік, Аммандағы Азия чемпионатына Қазақстанның екінші нөмірлі  спортшылары қатысқан болатын. Каратэден негізгі құрам Азия ойындарына дайындалып жатыр.