Қазақстан Қарулы күштерінде жаңа кәсіби мереке алғаш рет аталып өтті

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде жаңа кәсіби мереке – Әуе қорғанысы күштерінің Майдандық авиация күні алғаш рет аталып өтіп жатыр.

Фото: Қорғаныс министрлігі

2025 жылы Қорғаныс министрінің бұйрығымен бекітілген бұл атаулы күн есімі отандық және әлемдік авиация тарихына алтын әріппен жазылған даңқты ұшқыштардың ерлігімен тығыз байланысты.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Бұл күннің 5 тамызға белгіленуінің де өзіндік мәні бар. Дәл осы күні, 1922 жылдың 5 тамызында аты аңызға айналған әскери ұшқыш-шабуылдаушы, екі мәрте Кеңес Одағының батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов дүниеге келген. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ол белгілі Ил-2 шабуылдаушы ұшағымен 305 жауынгерлік ұшу орындап, теңдессіз ерлік, нағыз ұшқышқа тән шеберлік және Отанға адалдықтың үлгісін көрсетті.

Фото: Қорғаныс министрлігі

– Майдандық авиация күнінің 5 тамызға белгіленуі – даңқты жерлесіміз Талғат Бигелдиновке, оның майдандас серіктеріне көрсетілген құрмет әрі бүгінгі әскери ұшқыштардың, инженерлер мен техниктердің еңбегін мойындаудың белгісі. Шабуылдаушы ұшқыштардың шебері атанған қаһарманның ерлігі әлі күнге дейін әскери қызметшілерді оқу-жауынгерлік міндеттерді мінсіз орындауда, кәсіби шеберлігін шыңдауда және күрделі ұшу тәсілдерін жетілдіруде жігерлендіріп келеді, – деді Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы авиация генерал-майоры Асқар Ізбасов.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстанның қазіргі майдандық авиациясы аңызға айналған майдангер ұшқыштар қалыптастырған жауынгерлік дәстүрдің заңды жалғасы және олардың ісін абыроймен жалғастырып, елдің әуе шекарасын сенімді қорғап жүр.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Заманауи көпфункциялы Су-30СМ жойғыш ұшақтарымен және жаңғыртылған Су-25 шабуылдаушы ұшақтарымен жарақтандырылған майдандық авиация – Әуе қорғанысы күштерінің негізгі құрамдас бөліктерінің бірі. Ол қойылған міндеттерді барынша ұтқырлықпен, дәлдікпен және тиімділікпен орындайды.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Атаулы датаға орай еліміздің барлық негізгі авиациялық базаларында әскери қызметшілер мен Қарулы күштердің ардагерлерін құрметтеу рәсімдері, батыр қырандардың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою, сондай-ақ әскери авиацияның даңқты дәстүрлерін жас ұрпаққа насихаттауға арналған кездесулер өткізіліп жатыр. 

Айта кетелік «Ашық аспаннан» әуе хабына дейін: еліміздің авиациялық жүйесі қалай қалыптасып жатқаны туралы жазған едік