Қазақстан Қарулы Күштерінде Ауған соғысына қатысқандарға құрмет көрсетілуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Қарулы Күштерінде Ауғанстаннан әскерлердің шығарылғанына 28 жыл толуына орай іс-шаралар өтуде.

 Дәстүр бойынша әскери бөлімдер мен құралымдардың бәрінде ауған соғысының ардагерлерін құттықтап, құрмет көрсетілді, сондай-ақ сұрапыл соғыстан оралмағандарды еске алды, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

«Астана», «Шығыс», «Батыс» және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтарында жауынгер ауғандықтармен салтанатты кездесулер өтіп, әскери қызметшілер Ауған соғысында қаза болғандардың жақындары мен туыстарын аралады. Семей қаласында ауғандықтарға арналған ескерткіш маңында өткен салтанатты митингіге жергілікті ардагерлер кеңесімен бірге Семей гарнизоны мен әскери оркестрдің жеке құрамы, қоғам өкілдері және жастар қатысып, аталған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Осындай іс-шаралар Аягөз, Үшарал және Өскемен гарнизондарында да өтті.
 

   Астанада Аэроұтқыр әскерлерінің әскери қызметшілері ауған соғысына қатысқан жауынгерлердің монументіне гүл шоқтарын қойды, сонымен қатар десанттық шабуылдау бригадасы атыс қаруынан оқ ату бойынша турнир өткізді. ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығында бұл күні Ауған соғысының ардагерлеріне салтанатты құрмет көрсете отырып, мерекелік концерт қойылды.

 Сол сияқты Әскери-теңіз күштерінде ауған ардагерлерінің қатысуымен 29011 әскери бөлімінде ашық есік күні ұйымдастырылды. Әуе қорғанысы күштерінің бөлімдері мен құрамаларында жалпы білім беру мектептерінің жоғары сынып оқушылары мен мерзімді әскери қызметке «Күз-2016» бойынша шақырылған сарбаздар үшін Ауған соғысының ардагерлері сөз сөйлеп, «Ерлік сабақтары» өтті.
 

 Жастарды әскери-патриоттық тұрғыда тәрбиелеу мақсатында «Жас ұлан» республикалық мектебінде, жоғары әскери оқу орындарында, ҚР ҚМ Кадет корпусында Ауған соғысына қатысқандармен кездесу ұйымдастырылды. Олар болашақ Отан қорғаушылармен жауынгерлік тәжірибелерімен бөлісіп, бейбітшілікті сақтауды және соғыс жөнінде әңгімелеп берді.

 Қарулы Күштердің әскери қызметшілері соғыс сабақтары оларды әлі күнге дейін көп нәрсеге үйрететінін атап өтті. Ауғанстанда біздің офицерлер мен қатардағы сарбаздар әскери борышқа, жанқиярлыққа, жоғары жауынгерлік рух пен достыққа адалдығын көрсете отырып, ерлік пен батырлықтың озық үлгілерін танытты. Бүгінгі күні Қазақстанның Қарулы Күштерінде Ауған соғысына қатысқан әскери қызметшілер аз емес. Олар қазақстандық армияның дамуы мен қорғаныс қабілетін нығайтуға өз үлестерін қоса отырып, әскери қызметін лайықты атқарып келеді. Ал көбі запаста болса да Қорғаныс министрлігінде өткізілетін әскери-патриоттық іс-қимылдарға белсенді түрде қатысады.