Қазақстан Қарулы Күштерінің мергендері халықаралық жарыстың жеңімпазы болды

None
АСТАНА. 9 шілде. ҚазАқпарат - Беларусьта өткен халықаралық жарыста Қазақстан Қарулы Күштерінің мергендер жұбы жеке және жалпы есепте бірінші орынды иемденді.

Жарыс беларусьтің Бресть қаласында орналасқан 38-жеке гвардиялық ұтқыр бригадасының базасында өтті. Сайысқа Қазақстан, Беларусь, Ресей, Украина, Иордания мен Катар елдерінен командалар қатысты.

Қазақстан Қарулы Күштері атынан капитан Тілектес Летвен мен аға сержант Арай Қаупаева мергендер жұбын бастап барды. Аталған жарыстың басты мақсаты барлаушы-мергендердің барлау және арнайы тапсырмаларды далалық және күрделі жағдайда орындау дайындығының деңгейін анықтау болып табылады.

Жарыс үш кезеңнен тұрды. Бастапқы екі кезеңінде ұйымдастырушылар атудан ең үздік мерген мен мергендер жұбын анықтады. Қорытынды кезеңде қатысушылар барлау және арнайы тапсырмаларды орындады. Бұл жарыс шыдамдылықты тексеруге арналды. 15 шақырымдық қашықтықта жауынгерлер карта бойынша белгіленген жаңа бақылау нүктелерін іздеді. Бресть полигоны өзінің күрделілігімен ерекшеленеді: батпақты жер, жолдың жоқтығы, орманның қалыңдығы. Сонымен бірге барлаушылардың жолын орнатылған мина алқаптары кесті. Салмағы
15 келі болатын киімдері, мергендік винтовка мен автомат та жүруге қиындық туғызғаны анық.

Белгіленген қашықтықты жүріп өткен соң әрбір мергендер жұбы үш минуттың ішінде атыс шебіне қару-жарақпен 50 метр жер бауырлап барып нысананы көздеуі тиіс. Қазақстандық жерлестеріміз бұл тапсырманы тамаша орындады.

Жеке есеп қорытындысы бойынша бірінші орынды қазақстандық әскери бөлімнің мергені аға сержант Арай Қаупаев, екінші орынды қазақстандық мерген капитан Тілектес Летвен иеленді. Екінші және үшінші кезеңнің қорытындысы бойынша Қазақстан Қарулы Күштерінің мергендер жұбы жалпы және халықаралық есеп бойынша үздік деп танылды.