Жауынгерлік шеруде үш мыңнан астам сарбаз Жарасқан Төлебайдың әні мен Нұржан Өмірбайдың сөзіне жазылған «Мен қазақпын» әнін шырқайды.
Айта кетейік, бұл әнді әнші Қуандық Рахым орындап жүр. Нұржанның айтуынша, «Мен қазақпын» туындысы Алаш жұртының ауызбіршілігін нығайтуға бағытталған. Ал жауынгерлік шеруде 3 мың сарбаздың шырқайтынын естігенде автор қуанғанын жасырмады.
«Қазір ғаламторда, әлеуметтік желіде және қоғам арасында жағымсыз жағдайлар жиілеп кетті. Бір-бірін балағаттап, жағадан алуға ешкім тайсалмайды. Әлдекімнің сүрінгенін көрсе, соған қуанатын жағдайға жетті. Тіпті, отандастарымыздың жеңісті сәттеріне қуанып, ортақтасудың орнына кемшілігін бетіне басып, сынап жатқандар аз емес. Сол себепті ұлттың береке-бірлігін бекемдейтін өлеңнің керектігін түсіндім. Сондықтан да осы өлеңді шығаруға тура келді. Намыстан туды десе де болады»,-дейді Нұржан.
Нұржан Өмірбай 1990 жылы 24 қаңтарда, Ақсуат ауданында дүниеге келген. Айтыс арқылы танылған ақын Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің «Журналистика» факультетінің түлегі. Облыстық, республикалық ақындар айтысының жеңімпазы. 2007 жылы Астана қаласында өткен Мұқағали Мақатаевқа арналған жыр мүшәйраның, 2008 жылы Талдықорған қаласында өткен Мәшһүр-Жүсіп Көпеевке арналған жыр мүшәйрасының бас жүлдегері. «Сәуір сәулесі», «Ақ арман» атты жыр жинақтың авторы.