Қазақстан қашан да ұжымдық қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге бағытталған кең көлемді сындарлы бастамалар көтереді - ҰҚШҰ Бас хатшысы Николай Бордюжа

None
ССЕЛЬ. 22 сәуір. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік шартына қол қойғаннан бері және ҰҚШҰ қызметі басталған уақыттан бері бұрынғы кеңестік кеңістікте ұжымдық қауіпсіздік жүйесін құру жөніндегі белсенді қатысушысы және идеялар генераторы болды.

Өз тарапынан аталмыш аймақтық құрылымның басшылығы мемлекет басшылары алға қойған тиімді міндеттерді жүзеге асыруға талпыныс жасай отыра, ҰҚШҰ қызметін үздіксіз жетілдіріп отырады. Кеңестер ұйымдастыру үшін Ұйым басшысы түрлі халықаралық ұйымдар жанындағы ҰҚШҰ қатысушы мемлекеттері өкілдерімен үзбей байланыс орнатып отырады. Жуырда Брюссельде ҰҚШҰ Бас хатшысы Николай Бордюжа болды. Бұл сапардың нәтижелері, ҰҚШҰ аясында біздің елге берілген баға жайында ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының Бас хатшысы Николай Бордюжа хабарлады.

-Николай Николаевич, Брюссельдегі ҰҚШҰ-ға мүше елдердің елшілерімен өткен кездесу қорытындысына тоқталып өтсеңіз. Қандай мәселелер талқыланды?

- Менің Брюссельге келуім НАТО жанындағы ҰҚШҰ-ға мүше елдердің өкілетті өкілдерімен кездесу өткізу қажеттілігімен байланысты. Бұл жыл сайын орындалатын дәстүрлі жұмыс сапары. Осындай сапарлар аясында біз мүше елдердің өкілдерімен кеңестер өткіземіз. Мен үшін бұл сапарлар өте қызықты, себебі мен қосымша серпін алып, НАТО-ның да, ҰҚШҰ-ның да жұмысын жетік білетін жоғары деңгейдегі сарапшылардың пікірін тыңдаймын.

Екінші жағынан, мен бұл кездесулерде Ұйым қызметіне қатысты ақпаратты, біз қол жеткізген нәтижелер туралы, алдымызда тұрған міндеттер жайлы, бүгінгі таңда жүзеге асырып отырған жобалар жайлы ақпарат жеткіземін. Осы тұрғыдан алып қарағанда, бұл кездесу өте қызықты әрі тиімді жиын.

Менің ойымша, Қазақстанның өкілі, елші Ерік Өтембаевтың сөзі өте тартымды болды. Мен оны бұрыннан білемін, ол өте жан-жақты адам. ҚР Қауіпсіздік кеңесінде жұмыс істеп жүрген кезінде-ақ біз өте тығыз байланыста болатынбыз. Ол осы саланы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымын, сондай-ақ Ұйым қызметінің ерекшеліктерін жақсы біледі. Сондықтан ол айтқан ұсыныстар назар аударуға тұрарлық және біз ол ұсыныстарды сараптан өткізген соң, жүзеге асырамыз.

-Қазақстан өкілі туралы сөз қозғадыңыз ғой, жалпы ҰҚШҰ аясындағы біздің еліміздің қызметіне қандай баға бересіз?

-Менің ойымша, Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымындағы ең белсенді әріптестердің бірі болып табылады. Қазақстан әр кез ұжымдық қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге бағытталған орасан көп сапалы бастамаларды ұсынып отырады. Сіздің еліңіз сондай-ақ құжаттарды қарау жөніндегі, сондай-ақ оларды келісу міндеттеріне әрдайым жауапкершілікпен қарайды.

Ол аз десеңіз, ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев менің ойымша, посткеңестік кеңістіктегі ең белсенді көшбасшылардың бірі. Көптеген бастамалар, соның ішінде Ұйымды жетілдіру, сондай-ақ ҰҚШҰ әлеуетін арттыру жөніндегі бастамалар Қазақстан басшысы Н.Назарбаевқа тиесілі.

-Жақында елімізде президенттің кезектен тыс сайлауы өтті, сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тамаша жеңіске жетті. Сіз осы сайлаудың қорытындысын қалай бағалайсыз?

- Ұйым өкілдері осы сайлауды бақылауға қатысқан жоқ. Алайда, менің білуімше, сайлау өте жақсы ұйымдастырылған, сайлау ашық түрде өтті және барлық демократиялық нормалар сақталды.

-Өткен жылы ҰҚШҰ жарғылық құжаттарына дағдарысты оңтайландыру мәселелері жөніндегі маңызды өзгерістер енгізілген болатын. Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы жағдайлардың ушығып кеткенін есепке ала отырып ҰҚШҰ тарапынан қандай да бір шаралар қолға алынады ма?

-Иә, шынымен де біз өткен жылы бірқатар құжаттарды қабылдадық, оның ішінде дағдарысты оңтайландыру бойынша біздің қызметімізді регламенттейтін құжат бар. Бізде әскери немесе лаңкестік сипаттағы барлық ығыттарды оңтайландыруға қажетті үлкен әлеуетіміз бар. Алайда біз посткеңестік кеңістікте жұмыс істейтін аймақтық ұйым болып табыламыз. Біз НАТО сияқты жаһандық рөлге ұмтылмаймыз.

Менің ойымша, біздің ең басты міндетіміз - посткеңестік кеңістікте, Ұйымға мүше елдер кіретін аумақта ұжымдық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру. Біз әзірге ешқандай жағдайда да осы аумақтан тыс елдердің мәселелеріне араласпаймыз және араласуымыз дұрыс емес деген ойдамын.

-Сұхбатыңызға рахмет!