Қазақстан қашан литий кен орнын игере бастайды

Коллаж: Kazinform/ Freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика вице-министрі Ерлан Ақпаров Шығыс Қазақстан облысындағы литий кен орындары қашан игеріле бастауы мүмкін екенін айтты.

– Шығыс Қазақстан облысынд 3-4 литий кен орны бар. Қазір жер қойнауын пайдаланушылар айналысып жатыр. Оның ішіне корейлік KIGAM компаниясы отандық кәсіпкерлермен бірлесіп, осы бағытта жұмыстарын жалғастырғысы келеді, - деді вице-министр елордада өтіп жатқан GECA 2026 халықарлық геологиялық форумы аясында агенттік тілшісінің сауалына орай. 

Оның мәліметінше, елімізде Бакен, Маралушенское және басқа да кен орындарында литий анықталған. Мұнан өзге де кен орындарында отандық компаниялар корей және неміс компанияларымен геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

– Әлі толық зерттелген жоқ. Белгілері байқалады, ресурстық базаны арттыруға жақсы әлеует бар. Қазір отандық компаниялар сонымен айналысып жатыр, - деді ол.

Сонымен қатар вице-министр елімізде қашан литий кен орындары игеріле бастауы мүмкін екендігін айтты. 

– Бұл бизнеске, олардың геологиялық барлау жұмыстарын қаншалықты жылдам жүргізетіне байланысты. Біздің жағдайда 5-6 жыл деп жоспарлап отырмыз. Әдетте геологиялық жұмыстан бастап, қандай да бір нәтиже алғанға дейін 5-6 жыл кетеді. Егер биыл нақтыланған жағдайда, онда келесі жылдан бастай аламыз, - деді Ерлан Ақпаров. 

Ол Шығыс Қазақстан облысынан бөлек Арал өңірінде де литийдің мол қоры болуы мүмуін екенін атап өтті. 

Өткен жылы елімізде мұнай, газ, көмір, уран, литий және алтын қаншадан сатылып жатқанын жазған едік.