— Олардың санын реттеу кезінде мүйіздері кесіледі, киіктерді өткізу пункттеріндегі, жергілікті әкімдіктердегі ақпараттық жүйеде таңбаланады. Кейіннен олар Алматыға күзетпен тасымалданады, ол жерде арнайы тоңазытқыш қондырғылар салынған. Сол жерде белгілі бір температуралық режимде сақталады. Әр мүйіз нөмірленген, таңбаланған, — деді Ерлан Нысанбаев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Айта кетейік, былтыр желтоқсан айында Қазақстан киік мүйізін экспорттайтыны мәлім болды.
Бұл тұрғыда министр әлі де тиісті шектеулер бар екенін атап өтті.
— Самарқандта өткен Конвенция (CITES) отырысының шешіміне сәйкес, жылына 10 тоннаға дейін өткізуге құқығымыз бар. Осы жылы Сауда министрлігімен бірге экспорт жүйесін пысықтап жатырмыз. Менің ойымша, екі айдан кейін аукцион өткізіп, мүйіздерді сатамыз. Ақша биоалуантүрлілікті сақтауға, киіктерді қорғауға, шаруашылықтарды материалдық-техникалық қамтамасыз етуге жұмсалады, — деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, Үкімет киік санын реттеу және мүйіздерін таңбалау мәселесін қарады.