Қазақстан кәсіподақтары Президенттік сайлауда Н.Назарбаевтың кандидатурасын қолдайды

АСТАНА. 17 ақпан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазақстан кәсіподақтары Президенттік сайлауда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдайды.

Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашев айтты.

«Мемлекетіміздің қуаттылығын көрсететін, халқымыздың бірлігіне тағы бір мәрте сын болатын үлкен саяси оқиғаның алдында тұрмыз. Ол елімізде Президент сайлауын өткізу», - деді ол.

Оның айтуынша, «Нұр Отан» партиясының съезінде атап өтілгендей, Мемлекет басшысы алға қойған міндеттемелердің басым көпшілігін мерзімінен бұрын орындауға қол жеткізді. Оның ішінде әлеуметтік мәселелер, жалақы, жұмыссыздықпен күрес сияқты кәсіподақтарға тән көптеген шаруалар да жолға қойылып, орындалды. «Сондықтан да кәсіподақ мүшелері Елбасының мүмкіншілігі, халық алдында беделі зор және әлі де мемлекетті басқарса деген пікірде», - деді федерация төрағасы.

С.Мұқашевтің атап өтуінше, 2,5 миллионнан астам мүшесі бар еліміздің Кәсіподақ федерациясы, оның денсаулық саласындағы, тау-кен кәсіпорындарындағы, мұнай-газ кешеніндегі, банк мекемелеріндегі және мемлекеттік қызметтегі кәсіподақтары өздерінің кезекті съездерінде кезектен тыс Президенттік сайлауға Н.Назарбаевтың кандидатурасын ұсынып отыр.