АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан кәсіптік шеберлік бойынша өтетін әлем чемпионатына келесі жылы алғаш рет қатысатын болады. Бүгін Мәжілісте Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында «Кәсіпқор холдингі» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Елдана Сәдуақасова осылай мәлім етті. Жиын барысында «Кәсіпқор Холдингі» АҚ қызметі талқыланған болатын.
«Техникалық және кәсіптік білім берудің имиджін көтеру және жұмысшы мамандардың танымалдығын арттыру мақсатында Қазақстан 2014 жылдың маусымында «WorldSkills» ұйымына 70-ші мүше болып енген еді», - дейді Елдана Сәдуақасова. Еске сала кетейік, WorldSkills International (WSI) - халықаралық коммерциялық емес қауымдастық, оның мақсаты кәсіптік даярлау стандарты мен мәртебесін көтеру болып табылады. Сонымен қатар, аталған ұйым аясында бүкіл әлемде халықаралық сайыстар өткізу арқылы жұмысшы мамандардың танымалдылығын көтеру көзделген. «Үкіметтің тапсырмасы бойынша «Кәсіпқор» Холдингі» 3 мыңнан астам адамды тарта отырып, өңірлік және республикалық аумақта кәсіптік шеберлік бойынша чемпионаттар ұйымдастыруды қолға алмақшы. Соның нәтижесінде Қазақстанда ұлттық құрама командасы жасақталады, ал біздің ұлттық құрама 2015 жылы Бразилияның Сан Паулу қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысады деп жоспарлаймыз», - деді Елдана Сәдуақасова.