Бұл туралы бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның әйелдер қауымының өкілдерімен кездесуінде «Зерде» Ұлттық ақпараттық коммуникациялық холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Әзиза Шөжеева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, әлемде деректерді сақтау қызметіне деген сұраныс жоғары. Ақпараттың ауқымды бөлігі сақталатын ірі серверлер мен дата-орталықтар қазіргі уақытта негізінен АҚШ-та орналасқан. Ал, бір ғана Ресейдің өзінде деректерді сақтауға деген сұраныс жыл сайын 30 пайызға ұлғайып отыр.
Осы орайда, Ә. Шөжеева Қазақстанның үш өңірінде, атап айтқанда Атырауда, Павлодарда және Алматы маңындағы «Алатау» арнайы экономикалық аймағында үш қуатты дата-орталықтар құру қажеттігін атап көрсетті. Бұлар Каспий бойындағы мемлекеттер мен ТМД елдерінің ақпараттарын сақтау үшін қажет.
«Егер біз үш коммуникациялық операторлар түйісетін және энергетикасы бар Атырауда қуатты дата-орталықтар құратын болсақ, оған аталмыш өңірде жұмыс істейтін және Каспий бойы мемлекеттеріндегі мұнай компаниялары өздерінің деректерін орналастыра алар еді», деді ол.
Оның айтуынша, Павлодар интеллектуалдық әлеуеті жоғары Новосібірге және ірі корпорациялар орналасқан Сібірге қашық емес. «Бұларда ақпаратты сақтау қажеттілігі 40 пайызға ғана қанағаттандырылған. Бізде Павлодарда арзан энергетика және тиісті климаттық жағдай бар», деді ол. Деректерді сақтайтын мұндай орталықтарды Алматы маңындағы «Алатау» аранайы экономикалық аймағында құруға болады. «Сонымен қатар, ақпараттардың құпиялылығына кепілдік беретін арнайы заңдар қабылдау қажет. Осылайша Қазақстан өңірлік нарықтарға шығып, көптеген позициялар бойынша бәсекелесе алар еді», деді Ә. Шөжеева.