Қазіргі кезеңде кабельді тасымалдау мен тиеудің практикалық теңіз фазасы жүзеге асырылып жатыр.
Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жобаны іске асыруға байланысты нормативтік, ұйымдастырушылық және кедендік мәселелерді жедел шешуді қамтамасыз етті. Атап айтқанда, Каспий теңізінің түбімен су астындағы талшықты-оптикалық байланыс желісін салу үшін мүліктің бекітілген тізбесі жабдықты әкетуге құқықтық негіз жасап, әкімшілік кідірістердің алдын алуға мүмкіндік берді.
Дайындық кезеңінде 2025 жылы камералық және теңіз инженерлік ізденістер аяқталып, якорь тұрақтары мен әскери оқу-жаттығу аймақтарын айналып өтетін оңтайлы бағыт анықталды. Сонымен қатар Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан экологиялық рұқсат алынды.
Қытайда ROPA типті оптикалық күшейткіштері бар арнайы брондалған кабель өндіріліп, зауыттық сынақтан сәтті өтті. Осыдан кейін жоба теңіз жұмыстарының белсенді кезеңіне көшті.
Бұған дейін Қытайдан Құрық портына жеткізілген оптикалық кабель мен жалпы салмағы 600 тоннаны құрайтын үш үлкен тасымалдау себеті арнайы логистикалық кемеге тиеліп, Бакуге жеткізілген.
— Қазіргі уақытта бұл тасымалдау себеттері толық босатылып, барлық цифрлық артерия тікелей кемедегі арнайы cable tank-ке тиелді. Осылайша, кеме Баку портынан шығып, Ақтау порты бағытында желі құрылысын бастады, — делінген хабарламада.
Жобаны жүзеге асыру үшін динамикалық орын ауыстырудың озық жүйесімен жабдықталған, су сыйымдылығы 20 мың тоннадан асатын кабель төсеуші кеме тартылды. Бортта техникалық қадағалау мамандары мен «Қазахтелеком» өкілін қоса алғанда, 70 экипаж мүшесі жұмыс істеп жатыр.
Жоба «Қазахтелеком» АҚ және «Azertelecom Int.» ЖШС құрған CaspiLink B.V. (бұрынғы Caspinet B.V.) бірлескен кәсіпорны арқылы жүзеге асырылуда.
Кеме палубасында төтенше жағдайлар немесе үзілістер болған жағдайда пайдаланылатын арнайы түйістіру бөлмесі (Jointing Room) орнатылған. Қазіргі уақытта онда кабельдің екі ұшы — қазақстандық және әзербайжандық бөліктері орналасқан. Барлық талшық пен оптикалық жүйе сынақтан өткен.
Қолайлы ауа райы жағдайында су асты кабелін тікелей төсеу жұмыстарын аяқтау 15-20 күн ішінде күтіледі. Ал барлық технологиялық жұмыс мен іске қосу-жөндеу кешенін аяқтау мерзімі 2026 жылдың соңына белгіленген.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 1 123 ауыл талшықты интернетпен қамтылатынын жазғанбыз.