Қазақстан Катармен ұзақмерзімді негізде серіктестікке дайын - Н.Назарбаев
Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Қазіргі уақытта мемлекетаралық қарым-қатынасымызда біз бар мүмкіншілікті толық пайдаланып отырған жоқпыз. Тауар айналымы өте төмен. Мен тіпті оның небәрі 25 мың доллар екендігін айтқым да келмейді. Ештеңе жоқ десек те болады. Мемлекетаралық жап-жақсы қарым-қатынас кезінде неліктен мұндай орын алуда?», - деді Елбасы.
Қазақстан Президенті мұндай жайттың орын алуына түрткі болып отырған негізгі себептерді де атап, екі елдің бір-бірінен географиялық алшақ орналасқанын, логистика дұрыс жолға қойылмағанын жеткізді. Осы ретте Мемлекет басшысы өткен жылы аяқталған Қазақстаннан Иранның Парсы шығанағындағы портқа дейінгі темір жол екі елдің сауда-саттығына серпін бере алатындығын баса айтты.
«Катар мен Иран арасында дұрыс қарым-қатынас болған кезде бұл жол біздерге сауда-саттық пен байланыстарымызды жақсарта түсуге көмектеседі деп ойлаймыз. Біз орналасқан Орталық Азияда Қазақстан зор экономикалық әлеуетке, мүмкіншіліктерге және үлкен территорияға ие. Біз ұзақмерзімді негізде серіктестікке дайынбыз», - деді Елбасы.