Қазақстан Катармен ұзақмерзімді серіктестікке дайын - Апталық шолу

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Таяу Шығыста орналасқан Катар елі бүгінде өз өңірінің бақуатты ғана емес, сонымен бірге беделді мемлекетіне айналып отыр. Елдің жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі әлемде көш басында. Мұндай нәтижеге мұнай мен газдың мол қоры өз септігін тигізіп отырғаны сөзсіз. Еліміздің Таяу Шығыстағы сенімді серіктесі болуға лайықты Катар мемлекетіне таяуда ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапар жасап қайтқан болатын.

Сапар барысында Мемлекет басшысы Катар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Танимен және елдің жетекші іскер және қаржы өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуге Катар бизнесмендері қауымдастығының төрағасы, «Al-Faisal Holding Co.» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Фейсал бен Касем Әл Тани, Катар бизнесмендері қауымдастығының тең төрағасы, «Ezdan Holding Group» холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Халед бен Тани Әл Тани, сондай-ақ «Um Haish International», «Medicare Group-Ahli Hospital», «Al Rayan Bank», «Qatar International Islamic Bank», «Qatar National Bank», «Qatar Solar Energy», «Qinvest Bank» сияқты ірі компаниялар мен банктердің басшылары қатысқан кездесу барысында Н.Назарбаев екі елдің ортақ тарихи және мәдени байланыстары бар екенін, сондай-ақ Катар өз өңірінде ғана емес, халықаралық аренада да маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Қазақстан мен Катар арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанына тоқтала келіп, сауда-экономикалық қарым-қатынасымызды мейлінше жоғары деңгейге жеткізу қажеттігін айтты.

«Қазіргі уақытта мемлекетаралық қарым-қатынасымызда біз бар мүмкіншілікті толық пайдаланып отырған жоқпыз. Тауар айналымы өте төмен. Мен тіпті оның небәрі 25 мың доллар екендігін айтқым да келмейді. Ештеңе жоқ десек те болады. Мемлекетаралық жап-жақсы қарым-қатынас кезінде неліктен мұндай орын алуда?», - деді Елбасы.

Қазақстан Президенті мұндай жайттың орын алуына түрткі болып отырған негізгі себептерді де атап, екі елдің бір-бірінен географиялық алшақ орналасқанын, логистика дұрыс жолға қойылмағанын жеткізді. Осы ретте Мемлекет басшысы өткен жылы аяқталған Иранның Парсы шығанағындағы Бандер Аббас портына Қазақстаннан тікелей шығатын теміржол жол екі елдің сауда-саттығына серпін бере алатындығын баса айтты. «Катар мен Иран арасында дұрыс қарым-қатынас болған кезде бұл жол біздерге сауда-саттық пен байланыстарымызды жақсарта түсуге көмектеседі деп ойлаймыз. Біз орналасқан Орталық Азияда Қазақстан зор экономикалық әлеуетке, мүмкіншіліктерге және үлкен территорияға ие. Біз ұзақмерзімді негізде серіктестікке дайынбыз», - деді ҚР Президенті.

Кездесуден кейін Қазақстанның БАҚ өкілдеріне сұхбат берген катарлық бизнес өкілдері жүздесудің өте жоғары деңгейде өткендігін айтып, Н.Назарбаевқа шынайы ризашылықтарын білдіріп жатты. Мәселен, «Al Rayan Bank» басқармасының төрағасы Хусейн әл Абдалла: «Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуіміз барынша табысты болды деп санаймын. Өйткені, біздер қаржы, агроөнеркәсіп, сонымен қатар инфрақұрылымдық даму салаларында тығыз ынтымақтастықты жолға қойғымыз келеді. Біз Қазақстанды маңызды серіктес санаймыз», - деді. Ал Катар бизнесмендері қауымдастығының төрағасы, «Al-Faisal Holding Co.» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Фейсал бен Касем Әл Тани Катардың Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі жандандыру үшін барлық шараларды атқаруға ниетті екендігін баса айтты. «Бүгін екі елдің іскерлік орталарының тығыз іс-қимылын нығайта түсуге септігін тигізетін бірқатар құжаттарға қол қойылды. Катарлық бизнесмендер бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытуда», - деді Фейсал бен Касем Әл Тани.

Қазақстан тарапынан ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев катарлық бизнес өкілдерімен талқыланып жатқан салалар ауқымының өте кең екендігін, олардың қатарында ауыл шаруашылығы, жылжымайтын мүлік, қонақ үй қызметі, мұнай-газ мәселесі сынды салалар бар екендігін атап өтті. «Біздің қарым-қатынасымыздың әсіресе, сауда-экономикалық салада әлеуеті өте жоғары. Меніңше, бүгін қол қойылатын құжаттар осы елдің ірі бизнес өкілдерімен, ресми тұлғаларымен жан-жақты талқыланатын болады. Жалпы, Катар Таяу Шығыстың Қазақстандағы ең ірі инвесторларының бірі бола алады деп болжауға мүмкіндік береді», - деді ол.

Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Катар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Танимен кездесуі барысында біздің еліміз Катар мемлекетін осы өңірдегі маңызды серіктес ретінде қарастыратынын айта келіп, ынтымақтастықты бұдан әрі дамыту үшін екі елдің әлеуеті жеткілікті екенін атап өтті. Ал екі елдің делегацияларының қатысуымен өткен кездесу барысында Елбасы Қазақстан бүгінде Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азияны байланыстыратын іскерлік, транзиттік және логистикалық ірі хаб құрып жатқанын да еске салды. Сол арқылы еліміз әлем халқының төрттен үші тұрып жатқан 60-қа жуық елді байланыстыратын Жаңа Жібек жолын қалыптастыруда. Катар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Тани өз кезегінде Қазақстан Президентінің бұл сапары екіжақты қарым-қатынастарға қуатты серпін беретінін, Доха біздің елмен кең ауқымдағы ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін, Катар Қазақстанды Орталық Азиядағы сенімді әрі маңызды серіктес ретінде қарастыратынын айтты.

Кездесу қорытындысында екі елдің арасында бірқатар құжатқа қол қойылды. Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Катар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Тани арасындағы келіссөздерден кейін екі ел арасында бірқатар құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, Қазақстан Үкіметі мен Катар мемлекеті Үкіметі арасындағы дипломатиялық паспорт иелерін визалық талаптан босату туралы келісімді ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен Катар Сыртқы істер министрінің орынбасары Мұхаммед бен Абдалла әл Румейхи, Қазақстан мен Катар Үкіметтері арасында мәдениет пен өнер саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен Катардың Мәдениет, өнер және мұра министрі Хамад бен Абдель Азиз әл Кауари рәсімдеді. Сонымен қатар Қазақстан Ұлттық банкі мен Катар Орталық банкі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Нұрлан Құсайынов пен Катар Орталық банкінің төрағасы шейх Абдалла бен Сауд әл Тани қол қойды.

Айта кетерлігі, бұл құжаттардан бөлек «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі мен Катардың жаңалықтар агенттігі арасында меморандумға қол қойылды. Құжатты Қазақстанның Катардағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Шоқыбаев пен Катар жаңалықтар агенттігінің бас директоры Ахмад Саад әл-Буайнейн рәсімдеді. Ал «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясы мен «Qatar Solar Energy» компаниясы «Қазақстан Соллар Силикон» ЖШС мен «Qatar Solar Energy» компаниялары арасында бірлескен кәсіпорын құру және қазақстандық кремний ұяшықтарын Катарға жеткізу туралы келісім жасалды. Құжатқа «Қазатомөнеркәсіп» ҰҚ» АҚ басқармасының төрағасы Асқар Жұмағалиев пен «Qatar Solar Energy» компаниясының атқарушы директоры Салим Аббасси қол қойды. Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрәлі Әлиев пен Катар Инвестициялық қорының бас директоры Халифа Жассим әл Кувари биыл елордада шейх Тамим бен Хамад әл Тани атындағы мектеп құрылысын бастау туралы құжатты бекітті.

Қазақстан мен Жапония - стратегиялық серіктестер

Осы аптада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Жапония премьер-министрі Синдзо Абэнің қатысуымен Қазақстан-Жапония бизнес форумы өтті. Автокөлік жасау, авиация және ғарышкерлік, электроника, xимия өнеркәсібі, қаржы және жылжымайтын мүлік, экспедициялау, жүк тасымалы, азық-түлік, денсаулық сақтау салаларын қамтитын 100-ден астам ірі компания қатысқан шара аясында Қазақстан мен Жапонияның инвестициялық мүмкіншіліктері, екі елдің шетелдік инвесторларын мемлекеттік қолдау шаралары таныстырылды.

"Қазақстан мен Жапония - стратегиялық серіктестер. Біз экономикалық байланыстарды өте жоғары деңгейде құра алдық. Соңғы 10 жыл ішінде Жапониядан Қазақстанға 5 млрд доллар инвестиция құйылды. Қазіргі уақытта сауда-саттық айналымы 10 млрд. долларды құрайды. Қазақстанда көлік, тау-кен, металлургия, xимия, машина жасау салаларында құны 750 млн. доллар болатын жапон капиталының қатысуымен 50 компания жұмыс істейді", - деді форумды ашқан ҚР Президенті.

Елбасының атап өтуінше, қазіргі уақытта басқа да инвестициялық жобалар бойынша 700 млн долларға келіссөздер жүргізілуде. Олардың ішінде этанол өндірісі, онкологиялық ауруларды диагностикалау орталығының құрылысы, Тойотаның жаңа модельдерін шығару, терминалдар құрылысы және тағы басқа бар. Мұнан бөлек, Қазақстан жоғары сұрыпты уран өнімін әлемдік нарыққа, соның ішінде Жапонияға жеткізуге де мүдделі. Өз кезегінде жапон Үкіметінің басшысы Қазақстанның шетелдік инвестициялар мен технологияларды тарта отырып, экономиканы әртараптандыру саясатын оң бағалайтынын атап өтті. «Мен дәл осы экономика реформалары бойынша Жапонияның атқаруы тиіс маңызды рөлін байқап отырмын. Жапония компаниялары шетелдерде түрлі салалар бойынша бизнесті өрістетудің теңдессіз тәжірибесін меңгерген, біздің компаниялар бүкіл әлемде жұмыс орындарын құру мен жергілікті кадрлар даярлау мәселесінде өздерінің үлестерін қосып келеді. Сондықтан да, мен басқа емес, дәл біздің жапондық компаниялар Қазақстанның экономикалық реформаларына қуатты қолдау жасай алады деген нық сенімдемін», - деді Синдзо Абэ.

Форум қорытындысы бойынша екіжақты құжаттарға, оның ішінде ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығындағы машина жасау саласын қайта қаржыландыру, автокөлік терминалын жасау және өзге де тақырыптар бойынша меморандумға қол қойылады.