- Өндіріс пен қайта өңдеу көлемінің өсуі экспортты кезең-кезеңімен ұлғайтуға мүмкіндік беруде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 37%-ға өсіп, 7 млрд АҚШ долларына жетті. Оның жартысынан астамын қайта өңделген өнім құрайды. Оң динамика осы жылы да сақталуда, бұл ретте АӨК өнімдерінің сыртқы саудасы алғаш рет шамамен 500 млн АҚШ доллары көлемінде оң сауда сальдосын қалыптастырды, - деді А. Сұлтанов.
Оның айтуынша, фитосанитариялық қызмет жұмысының маңызды нәтижелерінің бірі – Қытайға жемдік ұн экспортын кеңейту болды. Қойылатын талаптар мен өнімді өткізу тетігінің келісілуі төртінші және бесінші сыныптағы астықты қайта өңдеуге әрі оған тұрақты экспорттық сұраныс қалыптастыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде жемдік ұн экспорты 2,4 есеге артып, шамамен 3 млн тоннаға жетті.
- Астық экспорты да едәуір ұлғайды. 2024/2025 маркетингтік жылы астық пен ұнның астық баламасындағы экспорты рекордтық 15,3 млн тоннаға жетті. Сонымен қатар «Қазақстан темір жолы» АҚ мәліметінше, 2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы 30 шілдеге дейін Қазақстан 13,9 млн тонна астық пен астық баламасындағы ұн экспорттады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,6%-ға көп. Өткен жылы осы кезеңде шетелге 12,4 млн тонна өнім жөнелтілген болатын. Экспортты ынталандыру шараларының арқасында қазақстандық өнім Марокко, Алжир, Біріккен Араб Әмірліктері, Вьетнам және бірқатар Еуропа елдерінің нарықтарына шықты, сондай-ақ Әзербайжанға, Грузияға және Түркияға жеткізілімдер қайта жанданды, - деді вице-министр.
Бұған дейін азық-түлік бойынша елде негізгі отандық өнімдер қаншалықты қамтамасыз етілгенін жазған едік.