Қазақстан қай елдерге балық экспорттайды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан жыл сайын 36 елге шамамен 60 млн АҚШ доллары сомасына 30 мың тонна балық өнімдерін экспорттайды. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздің балық және балық өнімдері нарығының жалпы көлемі 2019 жылы шамамен 66 мың тоннаны құрады. Оның құрылымы келесідей: балық аулау – 45 мың тонна, балық өсіру – 7,5 мың тоннаға жуық, экспорт – 30 мың тонна, сондай-ақ импорт - 43,5 мың тонна», - деді министр Үкімет отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан мұхит балықтары мен теңіз өнімдерін импорттайды. Олар: майшабақ, скумбрия, креветкалар, мидия және тағы басқалары.

«Импорт Норвегия, Ресей, Исландия, Қытай және Балтық елдеріне тиесілі. Бұл ретте, импортты алмастыру мақсатында Қазақстанда албырт, бекіре балықтарын өсіріп, Каспий теңізінде майшабақ тәрізді балықтарды аулау қажет. Өз кезегінде, Қазақстан жыл сайын жақын және алыс шетелдің 36 еліне шамамен 60 млн АҚШ доллары сомасына 30 мың тонна балық өнімдерін экспорттайды. Сонымен қатар, біздің қасымызда экспорт үшін айтарлықтай әлеуетті нарықтар бар. Атап айтқанда, Ресей мен Қытайда балық өнімдеріне сұраныс жоғары деңгейде. Бұл екі елдегі бізбен шекаралас аудандарының нарығы үш (3) млн тоннаға дейін жетеді. Нәтижесінде, біздің экспорттық әлеуетті 300 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік пайда болады», - деді Мырзағалиев.


Соңғы жаңалықтар