Қазақстан қазақ күресінен әлем чемпионатының алғашқы күнінде үш алтын медаль жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан құрамасы Бакуде өтіп жатқан ересектер арасындағы қазақ күресінен әлем чемпионатының алғашқы күнінде үш алтын, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Әзербайжандағы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: Серікбол Қошмағанбетов / Kazinform

Әлем чемпионаты 22-23 тамызда Baku Sports Hall спорт кешенінде өтіп жатыр. Жарысқа түрлі елдерден келген спортшылар қатысып, ерлер мен әйелдер арасындағы 16 салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынады.

Жарыстың алғашқы күніндегі басты оқиға қазақстандық балуандардың жеңісі болды.

Фото: Серікбол Қошмағанбетов / Kazinform

55 келіге дейінгі салмақта Рузимон Тугушев финалда Тәжікстан өкілі Мобориз Боротзоданы жеңіп, әлем чемпионы атанды.

60 келіге дейінгі салмақта Ернұр Сүлейман да алтын жүлдеге қол жеткізді. Ол шешуші белдесуде грузиялық спортшы Джиорджи Инашвилиден басым түсті.

Қазақстан қоржынына үшінші алтынды 74 келіге дейінгі салмақта Жұмажан Қожамбеков салды. Финалда қазақстандық балуан Тәжікстан өкілі Мухамадраджаб Хусейнзодадан мықты болды.

Осылайша, жарыстың алғашқы күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының еншісінде үш алтын медаль бар.

Тағы екі жүлдені қазақстандық спортшылар әйелдер арасындағы салмақ дәрежелерінде иеленді. 60 келіге дейінгі салмақта Ардақ Нұрсақ күміс медаль, ал 48 келіге дейінгі салмақта Жанат Қазез қола жүлде жеңіп алды.

Фото: Серікбол Қошмағанбетов / Kazinform

Бакудегі сәтті бастама қазақстандық балуандардың халықаралық аренадағы нәтижелі өнерінің жалғасы болды. Құрама сапында ірі жарыстарда тәжірибе жинаған спортшылар бар. Атап айтқанда, Тугушев — 2024 жылғы әлем кубогының жеңімпазы. Сүлейман — 2023 жылғы Азия чемпионы және 2025 жылғы CISM әлем чемпионы. Ал Қожамбеков 2022 және 2025 жылдары әлем чемпионы атанған.

Әлем чемпионатында Қазақстан барлық 16 салмақ дәрежесінде, оның ішінде ерлер арасындағы сегіз және әйелдер арасындағы сегіз салмақта толық құраммен өнер көрсетіп жатыр.

Жарыстың ашылу салтанатында спортшыларды құттықтаған Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел қазақ күресінің ұлттық мұраның бір бөлігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазақ күресі батылдықтың, күш пен қадір-қасиеттің символы саналады. Елші спортшыларға әділ белдесу мен жеңіс тіледі. Сондай-ақ халықаралық жарыстар халықтар арасындағы достықты нығайтуға ықпал ететінін айтты.

Қазір қазақ күресі Қазақстаннан тыс жерлерде де белсенді дамып келеді. Ұлттық күрес түрі әлемнің 40-тан астам елінде танымал. Бакуде әлем чемпионатының өтуі қазақ күресіне деген халықаралық қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.

Жарыс 23 тамызда жалғасады. Екінші күні қалған сегіз жүлде жиынтығы сарапқа салынады.

Бұған дейін Фатима Сұпығалиева Қазақстанның әйелдер дзюдосы тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы атанғаны хабарланған еді.

Қазақстан тарихында дзюдодан қыздар арасында алғаш рет осындай атаққа қол жеткізген спортшымен Kazinform тілшісі сұхбаттасқан еді.