Қазақстан қазақ тілін қоғамды ұйыстырушы тіл ретінде қалыптастыруға бар күш-жігерін жұмсауы тиіс ? Ресей Халықтар Достығы университетінің профессоры
17:30, 14 Мамыр 2009
АСТАНА. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Қазақстан қазақ тілін қоғамды ұйыстырушы тіл ретінде қалыптастыруды қаласа, барлық күш-жігерді осы мақсатқа жұмсау қажет. Бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан халқы Ассамлеясы Ғылыми-сараптамалық кеңесінің жұмыс жоспары бойынша өткен «Қазақстан халқы Ассамблеясы - қоғамды ұйымдастырушы институт»
халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының қорытынды отырысында Ресей Халықтар Достығы университетінің профессоры Ұлданай Бақтыгереева осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Бүгінде ғалымдардың зерттеулері бойынша, халықтың тілі 40 жылдың ішінде құлдырап, мемлекеттік деңгейден мемлекеттік емес дәрежеге түсуі мүмкін. Бұған адамзат тарихынан мысалдарды көптеп келтіруге болады. Сондықтан, қазіргі кезде Қазақстан қазақ тілін қоғамды ұйыстырушы тіл ретінде қалыптастыруды қаласа, барлық күш-жігерді осы мақсатқа жұмсау қажет. Ол үшін мемлекеттік тілді қолданудың нақты құрылымын жасап, оны жан-жақты насихаттау керек. Бір сөзбен айтқанда, жазбаша тілдің халық игілігі үшін жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет», - дейді ғалым.Оның айтуына қарағанда, қазіргі кезде Ресейдің бірқатар жоғары оқу орындарында қазақ тілін үйреніп жатқан орыс студенттері бар. Бірақ әдебиеттердің, оның ішінде сөздік құралдарының жоқтығынан қазақ тілін жүйелі түрде меңгеру қиынға соғып отыр. «Сондықтан қазақ тіл ғылымының өкілдері осы орайда белсенді әрекет жасаулары қажет-ақ», - дейді Ұ.Бақтыгереева.