Қазақстан Кедендiк одақта сауда бәсекелестiгi жөнiнен ұтылып жатыр деген пiкiр дұрыс емес - вице-премьер

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстанның экономикалық мүдделерiне толықтай сай келедi. Бұл туралы бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Премьер-Министрiнiң бiрiншi орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлiм еттi.

«Мәселен, Кедендiк одаққа енгеннен берi Қазақстанның өңдеушi саласына құйылған инвестицияның көлемi екi есеге артты. 2012 жылы оның көлемi 3,4 млрд. теңгеге жеттi, 2009 жылы ол 1,8 млрд. теңге шамасында тiркелген. Сонымен қатар елiмiзге тартылған тiкелей шетел инвестициясының көлемi 34 пайызға артып, 28 млрд. долларға өстi. Бұл Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттырды», - дедi ол.

Оның айтуынша, 2013 жылы Қазақстанның Ресей, Беларусь елдерiмен арадағы сауда айналымы 24 млрд. теңгеден асып отыр.

«Осы тұрғыда Қазақстан сауда бәсекелестiгi жөнiнен ұтылып жатыр деген пiкiр дұрыс емес. Мысалы, шоколад пен кондитерлiк өнiмдердiң саудасы 3 есеге, қазақстандық жүк көлiктерiнiң Ресейге, Беларусьқа сатылған саны 17 есеге, цемент 16 есеге артты. Осындай мысалдар аз емес», - деп атап өттi Б. Сағынтаев.

Вице-премьердiң сөзiне қарағанда, Кедендiк одаққа енгеннен берi Қазақстанда көлiк, қара металл, пластмасса, резеңке, қағаз өндiрiсiнiң көлемi өсiп отыр. Сондықтан Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстан экономикасы үшiн үлкен пайдасын бермек.

Айта кетейiк, биыл мамыр айында Астанада Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерiнiң басшылары ЕЭО құру туралы шартқа қол қояды деп жоспарлануда.