Қазақстан кедені «жалған транзиттің» жаңа схемасын анықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы кездері контрабанданың жиі қолданылатын тәсілдерінің бірі «жалған транзит» болып табылады. Бұл - шетел тауарлары немесе көлік құралдарының Кеден одағының кедендік аймағынан транзит арқылы өтуі барысында Қазақстан Республикасының аймағында заңсыз кедендік тазартусыз қалуы. Бұл туралы Кедендік бақылау комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кеден органдарында контрабандалық схема құру арқылы баюды көздейтін «іскерлерге» көмек көрсетіп жүрген өз қатарындағы қызметкерлерді анықтау мақсатында маңызды жұмыстар ұйымдастырылған.

Бұл бағыттағы кеденшілердің қызметі нәтижесіз емес - қылмыстық схема анықталуда, оған қатысты қызметкерлер жұмыстан босатылу мен қылмыстық іс қозғалуға дейін толық жауапкершілікте болады.

Бұған «Қордай» кеденінің ішкі қауіпсіздік бөлімі қызметкерлерінің контрабандалық автокөліктерді заңдастыру қылмыстық схемасын анықтауы дәлел бола алады.

Алыс шетелдерден шетелдік көліктерді жеткізу ісі жолға қойылған, қылмыстық схема транзитті көрнеу жалған аяқтауды көздеуде, бұл контрабандистерге көп пайда табуға мүмкіншілік берді.

2013 жылда Қазақстан Республикасының аумағына кедендік құны 37 млн. 355 мың теңге болатын 14 автокөлік құралы әкелінді. Мемлекетке келтірілген шығын 49 млн. 114 мың теңгені құрады.

Көрсетілген автокөлік құралдарының контрабанда фактісі бойынша ҚР ҚІК 209-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыс белгілері бойынша 14 қылмыстық іс қозғалды.

«Қордай» кедені қызметкерлерінің бұл істерге қатысының бар-жоқтығы қылмыстық тергеу барысында анықталады, оларға қатысты «Қордай» кеденінің ішкі қауіпсіздік бөлімі ҚР ҚІК 307-бабының 2-бөлігі бойынша 9 қылмыстық іс қозғалды (лауазымдық өкiлеттігін асыра пайдалану).

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасына автокөлік құралдарын «жалған транзит» схемасымен заңсыз рәсімдеуге қатысы бар лауазымды тұлғаларды анықтау бойынша іс-шаралар жалғасуда.