Қазақстан кеденшілері қайырымдылық қызметті сылтауратып тауарларды контрабандалық жолмен тасымалдағандардың жолын кесті

АСТАНА. 29 тамыз. ҚазАқпарат - Қоғамдық қорларды рұқсат алып тексеру нәтижесінде кеден органдарының қызметкерлері қайырымдылық қызметін сылтауратып тауарларды контрабандалық жолмен тасыған қылмыстық топты анықтады, деп хабарлады ҚР Қаржы Министрлігінің Кедендік бақылау комитетінің баспасөз-қызметінен.

Қоғамдық қорларды тексеруге түрткі болған жағдай, Қазақстан мүгедектерінің «Игі жұмыс» қайырымдылық қоры тарапына бағытталған Қытай Халық Республикасынан келген жалпы соммасы 52,6 млн. теңгені құрайтын контрабандалық тауардың «Калжат» кеден бекетінде анықталуы болды. Төленбеген төлемдер мен салықтың соммасы 12,3 млн. теңгеден асып жығылды. Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тексеру жүргізілуде.

Қоғамдық қорларды одан әрі тексеру барысында кеден қызметкерлерімен төмендегідей жайттардың беті ашылды: ҚХР келетін тауарлар қайырымдылық шарасына деген сылтаумен кедендік салым мен салықтардан босатылып отырған. Бірақ келген тауарлар айтылған мақсатқа жұмсалмай, республикамыздың сауда орындарына түсіп отырған.

Осындай тәсілдер «Благо-Вест», «Ерчиназ топжарған», «Дәстүр» қоғамдық қорларында пайдаланылған. Жоғарыда аталған қорлардан мемлекетке келген шығын 247 млн. теңгені құрады. Осы фактілер бойынша тексерулер жүргізілуде, олардың нәтижелері бойынша қылмыстық іс қозғалатын болады.

Сонымен бірге, «Олжа», «Аяла», «Ігі жұмыс», «Милосердные люди» сияқты қоғамдық қорлардың жалған адамдарға тіркелгендігі анықталды. Осы әдістер контрабандалық тауарларды аса үлкен көлемде кіргізуге мүмкіндік берген. Осылайша, 2013 жылдың ақпан айынан бастап мамыр айына дейін аталған қорлармен 746 млн. теңгенің тауарлары заңсыз кіргізілген, ал төленуге тиісті салықтар 543 млн. теңгені құрап отыр. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.