Дегенмен, кәсіби ойыншылардың саны көп емес - 50-ге жуық. Бірақ бұл да уақыт еншісінде. Бүгінде Мәдениет және спорт министрлігінде ресми тіркелген жаңа спорт түрін дамытуға барлық жағдайлар жасалуда.
Қаныш Әбікенов онлайн-футболмен кәсіби түрде айналысады. Геймер республикалық турнирлерде жеңіске жеткен, киберспорттан Азия ойындарына да қатысқан. Қаныш компьютерлік ойындарға Қытайда оқып жүрген кезде қызыға бастаған. Уақыт өте келе хобби мамандыққа айналды. Қазір киберспортшы Мәскеуде өтетін ірі халықаралық жарысқа дайындық үстінде.
«Бүгінде бұл индустрия жақсы дамыған. Қазақстан атынан шыққан турнирлерде бар күш-жігерімізді салуға тырыстық: жеңу керек, нәтиже көрсету қажет. Алдағы жақын уақытта Индонезия мен Малайзия өзара ұйымдастыратын азиялық турнирлер бар. Мен шақыру алдым. Әлі шешім қабылдамадым. Мүмкін наурыздың соңы-сәуірдің басында барып қаламын», - дейді ол.
Жалпы Қазақстанда киберспортқа бір миллионнан астам адам қызығушылық білдіріп отыр. Сарапшылардың болжауынша, өткен жылы киберспорт аудиториясы 380 млн адамды құрады. Ал келесі жылы 500 млн-нан асуы ықтимал.
«Егер Dota 2 дисциплинасы туралы айтар болсақ, онда жүлде қоры 20 млн доллардан асты. Киберспортты әлеуметтік лифт ретінде позициялауға болады. Наурыз айында Қытайда компьютерлік спорттан халықаралық жарыс өтеді. Біздің Ұлттық құрама іріктеу кезеңінен өтті. Бұл, олардың кәсіби деңгейлерін көрсетеді. Сондай-ақ қазіргі уақытта командамыз CS:GO бойынша жақсы ойын мәнерін көрсетуде. Соған қарап, қазақстандық киберспортшылардың келешегі зор екендігін айтуға болады», - дейді Қазақстан Киберспорт федерациясы жобаларының үйлестірушісі Ғалым Балқанаев.
Оның айтуынша, киберспортшыларды қолдау үшін құрылған федерацияда «геймерлік», яғни уақытты мақсатсыз өткізу ұғымынан арылу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Еске салайық, жауырда ғана Астанада бір апта бойы оқушы бала іздестірілді. Кейін ол компьютерлік клубтан табылды.
Федерация қазақстандықтарды дұрыс ойнауға - режимді және бағдарламаны сақтай отырып үйретуге күш салмақ. Ал кәсіби спортшылармен бапкерлер мен психологтар жұмыс істейтін болады.
Мұндай ұстанымды елордалық психотерапевт Анар Қаражанова да қолдайды.
Маманның айтуынша, компьютерлік ойындар пайдалы да көрінеді. Олар бейімделуге және жылдам әрекет етуге үйретеді. Бастысы, шекті білу және шынайы өмірді ойынмен алмастырмау.
«Егер кез келген азамат бүкіл шаруасын жиып тастап, бар ойы мен уақытын виртуалды әлемдегі жарысқа арнаса, бұл аурудың белгісі. Осының кесірінен түрлі жағдайлар орын алады. Ал егер өзіңді ойынға емес, керісінше, үйренуге, дамуға бағыттасаң, кәсіби спортшы ретінде қалыптасуға мүмкіндік зор. Кез келген істің өлшемі болуы тиіс», - дейді психотерапевт.
Мәлім болғандай, Қазақстан киберспортпен айналысатын ойыншылар саны жөнінен әлемде 21-орында тұр. Олардың арасында 14-34 жастағы ер адамдар басым.