Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан әскерилері бірлескен оқу-жаттығуға кірісті

АСТАНА. KAZINFORM – Жетісу облысындағы «Көктал» оқу-жаттығу полигонында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Орталық Азия өңірі Ұжымдық жедел өрістету күштерінің «Шеп-2026» бірлескен оқу-жаттығуының белсенді кезеңі басталды, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігі.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Оқу-жаттығуға Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан әскери қызметшілері қатысып жатыр. Олар бірлескен даярлықты, басқару органдары мен ұлттық контингенттердің өзара іс-қимылын пысықтайды.

«Шеп» оқу-жаттығуы жыл сайын өткізіледі. Оның негізгі мақсаты – Ұжымдық жедел өрістету күштерінің өзара іс-қимыл деңгейін және бірлескен міндеттерді орындауға әзірлігін арттыру.

Салтанатты ашылу рәсіміне ҰҚШҰ Бас хатшысының орынбасары Мирлан Тұрғынбеков, Қазақстан Қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Асқар Жоламанов, ҰҚШҰ Біріккен штабы бастығының орынбасары генерал-лейтенант Руслан Шпекбаев және басқа да лауазымды тұлғалар қатысты.

– Оқу-жаттығу 13-18 қыркүйек аралығында Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы полковник Мақсұт Гусейновтің басшылығымен өтеді. Оған 1500-ге жуық әскери қызметші және 300-ден астам қару-жарақ, әскери және арнайы техника, оның ішінде 115 ұшқышсыз ұшу аппараты тартылды, – делінген ақпаратта.

Практикалық іс-қимылдар таулы-шөлейт жерлердің ерекшеліктерін ескере отырып жүргізіледі.

Оқу-жаттығу кезінде Қазақстанның Шекара қызметі және Ұлттық ұлан бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жасауға да баса назар аударылып отыр.

Айта кетейік, Каспийде әскери теңізшілердің дайындығы сыналып жатыр.