Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан су-энергетикалық ынтымақтастықты күшейтпек

Фото: Энергетика министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстан астанасында Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан энергетика министрлерінің үшжақты кездесуі, сондай-ақ үш елдің су-энергетика саласына жауапты ведомстволары басшыларының отырысы өтті, деп хабарлайды Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Келіссөздерге Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Қырғыз Республикасының Энергетика министрі Таалайбек Ибраев, Өзбекстан Республикасының Энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов қатысты. Сондай-ақ отырысқа Тәжікстанның Энергетика министрі Далер Джума шақырылды.

Фото: Энергетика министрлігі

Тараптар су-энергетикалық ресурстарды басқару саласындағы үшжақты өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайы мен перспективаларын, сондай-ақ өңірлік энергожүйенің тұрақты әрі теңгерімді жұмысын қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Генерациялаушы қуаттардың жұмыс режимдерін үйлестіруге, су пайдалану бойынша келісілген параметрлерді сақтауға және ортақ тәсілдерді әзірлеуге ерекше назар аударылды.

Фото: Энергетика министрлігі

— Кездесуде маусымдық жүктемелер кезеңінде өзара қолдау мен жедел өзара іс-қимылдың маңыздылығы, сондай-ақ энергетикалық қауіпсіздік мүддесінде трансшекаралық өзендердің тұрақты су режимін сақтау қажеттігі атап өтілді. Тараптар Орталық Азияның су-энергетикалық жүйесінің сенімділігін нығайтуға бағытталған сындарлы диалогты және тату көршілік рухындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға бейілділігін растады, — делінген хабарламада.

Отырыс қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды бекітетін үшжақты хаттамаға қол қойылды.

Бұдан бұрын Президент Энергетика министрлігінің бұрынғы басшыларын сынға алды.