Қазақстан Қырғызстаннан Елшілікке арналған жер учаскесін алады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы екі ел Елшіліктерінің, сондай-ақ Елшілерінің резиденцияларының мұқтаждықтары үшін Астана мен Бішкек қаласындағы ғимараттарды және жер учаскелерін өзара өтеусіз пайдалануға беру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң мақұлданды.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

— Заң Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинеті арасындағы екі мемлекеттің елшіліктерін, сондай-ақ Төтенше және Өкілетті Елшілердің ресми резиденцияларын орналастыру үшін Астана және Бішкек қалаларында ғимараттар мен жер учаскелерін өзара өтеусіз пайдалануға беру туралы келісімді ратификациялауды көздейді. Келісімге 2025 жылғы 22 тамызда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасына ресми сапары аясында Бішкек қаласында қол қойылды. Келісімнің негізгі мақсаты — екі елдің дипломатиялық өкілдіктерінің, сондай-ақ екі мемлекеттің Төтенше және Өкілетті Елшілерінің ресми резиденцияларының қызметі үшін тиісті жағдайлар жасау, — деді сенатор Ғалиасқар Сарыбаев.

Құжат Астана және Бішкек қалаларындағы ғимараттар мен жер учаскелерін құқықтық рәсімдеуді көздей отырып, оларды ұзарту құқығымен 49 жыл мерзімге өзара өтеусіз пайдалануға беру мәселелерін реттейді. Атап айтқанда, Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Елшілігіне ауданы 0,75 гектар жер учаскесі, ал Қазақстан Елшісінің резиденциясы үшін жалпы ауданы 531,66 шаршы метр болатын коттедж және оған іргелес 0,17 гектар аумақ бөлінеді.

— Өз кезегінде Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігіне ауданы 0,74 гектар жер учаскесі, ал Қырғызстан Елшісінің резиденциясы үшін ауданы 1 267,8 шаршы метр көлемінде коттедж және оған іргелес 0,125 гектар аумақ беріледі. Келісімнің негізгі ережелері берілетін жылжымайтын мүлік объектілерін айқындайды, олардың дипломатиялық мәртебесін бекітеді, аталған мүлікті қабылдаушы мемлекеттегі барлық салық пен алымдардан босатуды белгілейді, мүлікті күтіп-ұстауға, жөндеу жұмыстарын жүргізуге, коммуналдық қызметтерді, байланыс пен интернетті және өзге де пайдалану шығындарын төлеу жөніндегі міндеттерді қабылдаушы тарапқа жүктейді. Сонымен қатар құжатта инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және дипломатиялық объектілерді салуға қажетті рұқсат құжаттарын алуға жәрдем көрсету тәртібін ұсынады, тараптардың берілетін мүлікке үшінші тұлғалардың құқықтарының жоқ екендігіне қатысты кепілдіктерін қамтиды, — деді депутат.

Осы Келісім күшіне енген күннен бастап Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қырғыз Республикасы Үкіметі арасындағы 2005 жылғы 10 тамыздағы осыған ұқсас келісімнің күші жойылады.

— Келісім Қазақстан-Қырғызстан қатынастарын дамытудың маңызды элементі саналады және екі мемлекет арасындағы өзара сенімнің жоғары деңгейін көрсетеді, — деді сенатор.

Бұған дейін Қазақстан мен Қырғызстан бір-біріне Елшіліктері үшін жер учаскелерін өтеусіз беретінін жазған едік.