Қазақстан кісі өлімі қылмысы көрсеткішінің әлемдік рейтингінде 96-орында тұр - Бас прокуратура

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан кісі өлімі қылмысы көрсеткішінің әлемдік рейтингінде 96-орында тұр. Бүгін Заңдылықты қамтамасыз ету, құқықтық тәртіп және қылмыспен күрес жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Нұрмұханбет Исаев осылай мәлім етті.

«Бүкіл әлемде 100 мың адамға шаққандағы кісі өлтіру қылмысының көрсеткіші тұрғындардың жалпы қауіпсіздігін бағалау деңгейінің базалық көрсеткіші болып табылады. Ал БҰҰ мәліметтері бойынша рейтингке қатысқан 207 мемлекеттің ішінде Қазақстан 100 мың адамға шаққанда 6,6 кісі өлімі қылмысымен 96-шы орында тұр. Ал біздің көршіміз Ресей 10,2 көрсеткішімен 72-орында», - деді Н. Исаев.

Оның сөзіне қарағанда, Жаһандық бәсекеге қабілеттілік есебінің 2012 жылғы қорытындылары бойынша Қазақстан полицейлік қызметтің сенімділігі көрсеткішінде де 96-орында тұр.

«Құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, Қазақстан дәл осы көрсеткіш бойынша 2020 жылға қарай 56-орынға жетуі тиіс. Сонымен қатар, бағдарлама бойынша азаматтардың құқық қорғау органдарына сенімділігін 60 пайызға жеткізуіміз керек. Егер Құқықтық статистика комитетіндегі электрондық дауыс беру нәтижелеріне сүйенсек, онда полицейлердің жұмысына азаматтардың 10 пайызы ғана қанағаттанарлық білдіреді. Ендеше, біздің атқаратын жұмысымыз әлі де айтарлықтай», - деді Бас прокурор орынбасары.