Бейжің қаласында өткен «Бір белдеу, бір жол» бастамасының халықаралық ынтымақтастық жөніндегі ІІІ форумы аясында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев үздіксіз сауда жөніндегі тақырыптық жиынға қатысты.
Аталмыш іс-шараны ҚХР Коммерция министрлігі, ҚХР Бас кеден басқармасы, ҚХР Мемлекеттік салық әкімшілігі және Қытай Эксимбанкі бірлесе ұйымдастырды.
Үздіксіз сауда форумына қатысушылар отырыс барысында жаһандық өнеркәсіптік тізбектер мен жеткізу тізбектерінің тұрақтылығын қолдау, электрондық коммерция мен «жасыл» сауданы ілгерілету, кедендік, салықтық және қаржылық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Сапар аясында Жандос Дүйсембиев ҚХР Мемлекеттік салық әкімшілігінің комиссары Ван Цзюньмен кездесу өткізді. Онда тараптар екіжақты ынтымақтастықты, сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберіндегі әріптестікті нығайтуға уағдаласты.
ҚР ҚМ МКК төрағасы «Орталық Азия-Қытай» бастамасының кеден қызметтері басшыларының отырысына қатысты.
Кездесуде кедендік ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, тараптар: «Бірыңғай терезе» жобасы шеңберінде ынтымақтастық туралы келісім жасасу, шекара маңындағы өткізу пункттерін басқару саласындағы ынтымақтастық, интрузивті емес жете тексеру және зияткерлік картографиялық жете тексеру, кедендік тәуекелдерді басқару, құқық қорғау саласындағы ынтымақтастық тетіктерін жетілдіру саласында тәжірибе алмасу бойынша жұмыс топтарын құру туралы уағдаласты.
Сонымен қатар Орталық Азия елдері Қытай тарапының сауданы жеңілдету және тауарларды жеткізудің халықаралық тізбегінің қауіпсіздігін арттыру жөніндегі шараларды жетілдіруге бағытталған, тауарлар туралы алдын ала ақпарат алмасу саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жасасу мүмкіндігін қарауды ұсынды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар мәселені бірлесіп шешуге және әр тараптың заңнамасын ескере отырып, келісімнің жобасын әзірлейтін болды.
«Орталық Азия – Қытай» кездесу алаңында Жандос Дүйсембиев ҚХР Бас кеден басқармасының Министрі Юй Цзяньхуамен әңгімелесіп, Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасында өткізу мүмкіндігін ұлғайту мәселесін талқылады және жақын арада туындайтын проблемалық мәселелерді жедел шешу бойынша жұмыс тетігін құру туралы келісті.