Қазақстан Қытай мен Бразилияның Украинаға қатысты бейбітшілік жоспарын қолдайды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Қытай мен Бразилияның Украинаға қатысты бейбітшілік жоспарын қолдайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС-тің XVI саммиті пленарлық отырысының «БРИКС+»/«аутрич» форматындағы жиынында айтты.
«БРИКС даму үшін орасан зор әлеуетке ие және әртүрлі құрлықтағы мемлекеттерді біріктіріп, ынтымақтастықты нығайтады, барлық қатысушылардың игілігі үшін бірлескен мүмкіндіктерді тиімді пайдаланады. БРИКС-тің ортақ гүлдену, өзара құрмет пен серіктестік қағидаттарына негізделген болашақты құру үшін ресурстары да, тәжірибесі де бар. Қазақстан үшін БРИКС-ке мүше әрбір мемлекетпен шынайы достық қарым-қатынаста болуы өте маңызды. БРИКС-тің көпжақты күш-жігері ажырамас және әмбебап құрылым болып қала беретін БҰҰ қызметін үйлесімді түрде толықтыратыны сөзсіз. Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында бекітілген дипломатия мен диалог принциптері қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге және стратегиялық тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететін БРИКС күнтәртібінің негізіне айналды», - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ресейдің өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайту арқылы геосаяси шиеленісті азайтуға бағытталған Еуразияда тең және бөлінбейтін қауіпсіздікті құру тұжырымдамасын жоғары бағалайтындығын айтты.
«Қазақстан Қытайдың халықаралық тұрақтылықты сақтауға, егемендікті қорғауға, көпжақты тәсілдерді қолдануға және жанжалдарды бейбіт жолмен шешуге бағытталған жаһандық қауіпсіздік бастамасын қолдайды. Қазақстан Қытай мен Бразилияның Украинаға қатысты бейбітшілік жоспарын жалпы қолдайды», - деді Президент.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің шақыруымен БРИКС-ке мүше мемлекеттер басшыларының XVI Саммитіне қатысу үшін Қазан қаласына жұмыс сапарымен барған болатын. https://kaz.inform.kz/news/kasim-zhomart-tokaev-kazanga-bardi-dceefe/
Мемлекет басшысы БРИКС саммитіне қатысушылармен бірқатар кездесу өткізді.
ҚР Президенті және өзге БРИКС+ саммитіне қатысушылар бірге суретке түсті.