Қазақстан-Қытай мұнай құбырының өткізу мүмкіндігін ұлғайту шаралары қолға алынды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан-Қытай мұнай құбырының өткізу мүмкіндігін ұлғайту шаралары қолға алынды. Бұл туралы Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздерден кейінгі баспасөзге арналған мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Тағы бір мәселе, қолға алынған ауқымды энергетикалық жобаларды тиімді жүзеге асыру қажет. Қазір Қазақстанда мұнай-химия зауыттары салынып жатыр. Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан-Қытай мұнай құбырының өткізу мүмкіндігін ұлғайту шаралары қолға алынды. Көп ұзамай бұл жобалар экономикамызға үлес қоса бастайды. Сапар аясында Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің отырысы өтті. Онда бірқатар инвестициялық келісімге қол қойдық. Осы коммерциялық келісімдер экономикалық байланысты нығайтуға жол ашады. Біз көлік-логистика саласындағы ықпалдастықты жандандыру қажеттігіне де назар аудардық. Әсіресе, Си Цзиньпин мырзаның Астанада жариялаған жаһандық «Бір белдеу, бір жол» бастамасы және Транскаспий халықаралық көлік бағдары аясындағы ынтымақтастық мәселелерін талқыладық», - деді Мемлекет басшысы.
Президент былтыр темір жол арқылы тасымалданатын жүк көлемі 22 пайызға артып, 28 млн тоннаға жеткенін айтты.
«Бұл – рекродтық көрсеткіш. Ляньюньган, «Қорғас – Шығыс қақпасы» және Сиань қаласындағы құрғақ порттарда жүзеге асырылған бірлескен жобалардың нәтижесінде көлік-логистикалық әлеуетіміз едәуір артты. Қазіргі таңда Аягөз-Бақты үшінші трансшекаралық темір жол құрылысы белсенді жүріп жатыр. Бүгін біз Траскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы жүк тасымалын іске қосу іс-шарасына бейнебайланыс режиімінде қатыстық. Бұл бағдар Еуразия құрлығындағы көлік-логистика қатынастарын дамытуға тың серпін береді», - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.