2026 жылғы 7 шілдеде Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы – Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова Қытай Халық Республикасының Бас кедендік бақылау басқармасы Санитариялық-карантиндік бақылау департаментінің өкілдерімен кездесті.
Кездесу Ұлттық сараптама орталығының алаңында өтті.
– Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасындағы санитариялық-карантиндік бақылау саласында тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады, – делінген хабарламада.
Тараптар мемлекеттік шекараны санитариялық қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайту және санитариялық-карантиндік бақылауды жүзеге асыру бойынша тәжірибе алмасу мәселелеріне ерекше назар аударды.
Сонымен қатар пандемиялық қатерлерге дайындықты қамтамасыз ету, профилактика және ден қою шараларына қатысты Халықаралық медициналық-санитариялық қағидаларға енгізілген өзгерістерді іске асыру мәселелері қаралды.
Қазақстанға жұмыс сапары аясында Қытай делегациясының өкілдері Астана халықаралық әуежайындағы санитариялық-карантиндік пункттің жұмысымен танысты.
– Кездесу қорытындысы бойынша тараптар мемлекеттік шекараны санитариялық қорғау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, тәжірибе алмасуды жалғастыруға және өзара іс-қимылды дамытуға дайын екенін растады, – деп атап өтті ведомстводан.
Айта кетейік, фитосанитариялық талапқа сай келмейтін 6 тонна қияр Ресейге қайтарылды.