Қазақстан Қытайға тазартылмаған күнбағыс майын жеткізеді
АСТАНА. KAZINFORM — Дайын өнімді сатып алушы ҚХР астық резервтерін қалыптастыруға жауапты Sinograin мемлекеттік компаниясының тапсырысы бойынша қытайлық CITIS Construction Co Ltd. корпорациясы болмақ. Бұл туралы АШМ мәлім етті.
Уағдаластық қазақстандық кәсіпорын базасында күнбағыс тұқымын қайта өңдеуді және одан әрі Аспан асты еліне май жіберуді көздейді.
Жеткізу өткен жылы Азық-түлік келісімшарт корпорациясы фермерлер мен өңдеушілерді мемлекеттік қолдау құралы ретінде іске қосқан ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық партияларын шоғырландыру бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады. Оның мәні: оператор әр түрлі жеткізушілерден шағын көлемді өнімді толыққанды экспорттық партияларға біріктіреді және шетелдік тұтынушыларға жөнелтуді қамтамасыз етеді. Бұл ретте корпорация тасымалдауды толық сүйемелдейді. 2024 жылы шоғырландыру жобасы бойынша Қытай мен Орталық Азияға жалпы құны 20 млн долларды құрайтын дәнді және майлы дақылдарды жеткізуге 6 экспорттық келісімшарт жасалды. Биылғы жылы Азық-түлік келісімшарт корпорациясы жұмысын жалғастырды, соның нәтижесінде ҚХР-на қазақстандық өндірістің 1,6 мың тонна жемдік ұн жөнелтілді.
Дайын қазақстандық өнімнің шетелдік нарықтарға шығуына салалық министрліктің, Азық-түлік келісімшарт корпорациясының және халықаралық әріптестердің бірлескен күш-жігері ықпал етеді. Келісімшарт Астана мен Бейжіңде агробизнестің қатысуымен өткен екіжақты кездесулер нәтижелерінің бірі болды. Қытайлық инвесторлармен және бейінді компаниялармен белсенді диалогты Азық-түлік келісімшарт корпорациясының ҚХР-дағы өкілдігі тұрақты негізде жүргізеді.
Бүгінеде Қазақстанның аграрлық саясатының басты бағыты терең өңдеуге бет бұруда. Шоғырландыру бағдарламасы және үшжақты форвардтық сатып алу сияқты жобалардың көмегімен корпорация отандық өндірушілерге сыртқы нарықтарға шығуға көмектеседі, сондай-ақ өңірлерде қайта өңдеу қуаттарын жүктеуді ынталандырады. Бұл ел ішінде қосымша құн құруға және шағын және орта фермерлерге қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, бұған дейін 8,7 млн тонна дәнді дақыл экспортталғанын жазған едік.