Қазақстан Қытаймен бірге ЖИ техникалық паркін салуға мүдделі – Астана саммиті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Қытаймен жасанды интеллект, биотехнология, кванттық есептеу салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі. Тәуелсіздік сарайындағы «Орталық Азия-Қытай» саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай мәлімет айтты.
- Біз қытайлық компанияларға Қазақстанның бірқатар өңірінде жел генераторлары мен энергия жинақтау жүйелерін өндіру, жел және күн электр станцияларын салу бағытындағы жобаларды іске асырғаны үшін алғыс айтамыз. Цифрлық трансформациядағы технологиялық ынтымақтастық пен іскерлік байланыстарды күшейту біздің стратегиялық әріптестігімізді жаңа мазмұнмен толықтырады. Бұл Қазақстанның және бүкіл аймақтың экономикалық дамуына қосымша серпін береді десем қателеспеймін, - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың жоғары технологияға негізделген ғылыми жобалардағы әлеуеті зор екенін атап өтті.
- Қытайдың космонавтика мен кванттық технологияны, 6G-ді дамытудағы қомақты жетістіктері оның жаһандық деңгейдегі технологиялық держава екенін растады. Сондықтан Қазақстан жасанды интеллект, биотехнология, кванттық есептеулер саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға, сондай-ақ зерттеу орталықтары мен технопарктер құруға мүдделі, - деді Президент.
Айта кетейік, елордада «Орталық Азия – Қытай» ІІ саммиті өтіп жатыр.
Іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қатысып отыр.
«Орталық Азия - Қытай» І саммиті 2023 жылдың 19 мамырында Қытайдың Сиань қаласында өткен еді.