Қазақстан Қытаймен ядролық қауіпсіздік және кадр даярлау бағытында ынтымақтастықты күшейтпек

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қытай Халық Республикасының атом саласындағы негізгі мемлекеттік органдары мен жетекші ұйымдарының басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттігі

Атап айтқанда, ҚХР Мемлекеттік энергетика істері басқармасының (NEA) басшысы Ван Хунчжимен, Қытайдың Атом энергиясы агенттігінің (CAEA) төрағасы Шань Чжундэмен, сондай-ақ Қытай ұлттық ядролық корпорациясы (CNNC) басқарма төрағасы Шэнь Яньфэнмен келіссөздер өтті.

Кездесулер барысында бірлескен бастамаларды іске асыру, өндірістік кооперацияны дамыту, сондай-ақ екі елдің салалық мемлекеттік органдары мен атом өнеркәсібі ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мәселелері қарастырылды.

Келіссөздер барысында атом саласын мемлекеттік реттеу, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, кадрлар даярлау және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды дәйекті түрде іске асыруға және атом саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша бірлескен жұмыс тетіктерінің қызметін жандандыруға дайын екендіктерін растады.

Айта кетелік Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының делегациясы Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің басшылығымен уран өндіру және ядролық отын өндіру саласында қызмет атқаратын CNNC корпорациясының өндірістік нысандарында болған еді.