Қазақстан қызанақ импортына уақытша шектеу қойды

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі үшінші елдерден жаңа піскен және салқындатылған қызанақ әкелуге уақытша тыйым салды.

Фото: Gov.kz

Шектеу ЕАЭО-ға мүше емес елдерден әкелінетін сыртқы экономикалық қызмет тауар номенклатурасы бойынша 0702 кодына жататын қызанақтарға қатысты болып отыр. Бұл талап өнімді көлікпен жеткізудің барлық түріне қолданылады.

Алайда мұның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден келетін қызанақтарға әсері жоқ. Сондай-ақ Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік тасымалдарға және ЕАЭО елдері арасында Қазақстан арқылы тауар өткізуге бұл шектеу қолданылмайды.

Қызанақ импортына қойылған шектеу 2026 жылғы 30 маусымға дейін жалғасады.

Тиісті бұйрыққа Ауыл шаруашылығы министрі 2026 жылғы 22 маусымда қол қойды. №250 құжат сол күні күшіне енді.

Айта кетейік, бұған дейін өндіріске қажетті импорттық тауарлар тізімі кеңейтілуі мүмкін екенін жаздық.