АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан 17 және 19 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Еуропа чемпионатының алғашқы іріктеу кезеңінің жеребесі тартылды.
Жеребе қорытындысы бойынша Қазақстан 17 жасқа дейінгі қыздар құрамасы В лигасының алтыншы тобында Швеция және Эстония құрамаларымен сынға түседі.
Ойындар 23-26 қазан аралығында Швецияда өтеді.
Ал еліміздің 19 жасқа дейінгі қыздар құрамасы В лигасының екінші тобында Румыния, Латвия және Лихтенштейнмен шеберлік байқасады.
Матчтар 27 қараша-3 желтоқсан күндері Румынияда өтеді.
Алты топқа бөлінген командалар А Лигасының жолдамасы үшін бақ сынайды. Топ жеңімпаздары мен үздік көрсеткіші бар екінші орын иегері жоғары дивизионға шығады.
Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан Қазақстан — Әзербайжан жолдастық кездесуі қай телеарнадан көрсетілетіні айтылған еді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.