Қазақстан қоғамының құқықтық мәдениеті ТМД-ға мүше өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары - ғылыми-тәжірибелік конференция

АСТАНА. Тамыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Қазақстан Конституциясы еліміздің халықаралық аренадағы беделінің өсуіне үлкен үлес қосып келеді»,

 дейді Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысы Тастемір Әбішев. Бұл туралы ол бүгін Астанада «Қазіргі қоғамның құқықтық мәдениетін арттыру» атты тақырыпта өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Оның айтуынша, Конституцияның 1-ші бабында Қазақстан өзін демократиялы, құқықтық, зайырлы, әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады деп көрсетілген. «Басты заңымыздың осы тектес негізгі ұстанымдарын одан әрі дамытуда құқықтық мәдениет үлкен рөл атқарады. Жалпы Ата заңымыз бен адам құқықтары саласындағы халықаралық актілерді және өзге де заңнамаларды мемлекеттік қызметкерден бастап азаматтығы жоқ азаматтарға дейін міндетті түрде құрметтеулері тиіс. Олар құрметтелмеген жерде құқықтық мәдениет те жоқ. Ал біздің елімізге келсек, мұнда қоғам өкілдерінің құқықтық мәдениеті мүлдем төмен деп айта алмаймыз. Өйткені Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия жыл сайын елдегі адам құқығының сақталуы мен құқықбұзушылықтар туралы Елбасына баяндама жасап отырады. Аталмыш баяндамалардағы мәліметтер Қазақстандағы адам құқықтарының сақталуы ТМД-ға мүше өзге елдермен салыстырғанда, әлдеқайда жоғары екендігін көрсетіп отыр», деді комиссия хатшысы.